Ресейдегі жаппай төбелес: Қазақстан азаматтарына қатысты тың дерек шықты

Қазақстанның Санкт-Петербург қаласындағы Бас консулдығы Усть-Лугадағы вахталық кенттегі жағдайға қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

28 наурызда консулдық қызметкерлері Усть-Лугадағы вахталық кентте жұмыс істейтін Қазақстан азаматтарымен, соның ішінде тұрмыстық жанжал салдарынан ұсталған азаматтармен кездескен.

Ведомство мәліметінше, бұл кентте шамамен 15 мың адам тұрады, олардың барлығы - Ресейдің ірі экспорттық порттарының бірін салуға қатысатын түрлі мердігер ұйымның вахталық қызметкерлері.

"Бастапқыда тәртіпсіздікке бірнеше жүз адам қатысқан. Оқиғадан кейін әртүрлі елдің 30-дан аса азаматы ұсталды. Алғашқы тергеу әрекеттері жүргізілгеннен кейін ұсталғандардың басым бөлігі босатылды. Бірқатар адамға, оның ішінде Қазақстан азаматтарына қатысты 10 тәулікке әкімшілік қамауға алу туралы сот шешімі қабылданды. Қазақстанның тағы үш азаматына қатысты тергеу жүргізіліп жатыр. Қазақстан азаматтары арасында зардап шеккен немесе медициналық көмекке мұқтаж адамдар жоқ. Барлық Қазақстан азаматына консулдық-құқықтық көмек көрсетіліп жатыр", - деп жазылған хабарламада.

Сондай-ақ, вахталық кенттің өзінде компания қызметкерлері (қазақстандық жұмысшылар мен учаске бригадирлері), Ресей Федерациясының құқық қорғау органдары, жұмыс беруші компания мен күзет агенттігі өкілдері кездесу өткізген.

"Кездесу барысында болған жағдай талқыланып, алдағы уақытта осындай оқиғалардың алдын алу шаралары қарастырылды. Қазір вахталық кенттегі жағдай тұрақты. Оқиғаға қатысқан екі тарапқа қатысты тергеу жалғасып жатыр, қорытындысы бойынша құқықтық баға беріледі", - деп жазылған хабарламада.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Ресейдің Ленинград облысында болған қақтығыстың видеолары тарады. Жаппай төбелесте Қазақстан азаматтары да болған.

Threads-тегі видеодан кадр

Сол кезде желі қолданушыларының бірі "қақтығыс Қазақстан азаматтары мен жергілікті күзетшілер арасындағы келіспеушіліктен басталды" деген нұсқаны алға тартты.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!