Ресейде су басқан өңірлер саны 36-ға жетті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі 24KZ телеарнасына сілтеме жасап.
200-ге жуық көпір мен 120 көлік жолын су шайып кеткен. Әсіресе Қазақстанмен шекаралас Орынбор облысындағы ахуал алаңдатарлық. Мұнда су бөгеті жарылып, шұғыл эвакуация жарияланды. Қазір Орынбор облысындағы жағдай күрделі. Мұнда кейінгі 80 жылда болмаған алапат тасқын тіркелді. Ахуалға байланысты екі күн бұрын төтенше жағдай жарияланған. Ал кеше облыстағы екінші ірі қала - Орскте Жайық өзенінің суы күрт көтеріліп, 10 жыл бұрын салынған бөгет жарылды. 4 мың үйді су басу қаупі бар. Онда 11 мың адам тұрып жатыр. Қазірдің өзінде 2 жарым мыңға жуық үйге су кірген. Жергілікті жұртты эвакуациялау жұмыстары жүріп жатыр. Су басқан аймақта 2 адамның денесі табылды. бірақ олардың өліміне нақты не себеп болғаны белгісіз. Қала басшысы тасыған су жуық арада қайта қоймауы мүмкін деп отыр.
Василий Козупица, Орск қаласының басшысы: - Жағдай күрделі. Мен осының алдында ғана мұнда келіп кеткем. Бәрі әп-сәтте өзгеріп шыға келді. Су басу қаупі бар аудандардың тұрғындарын уақытша орталықтарға көшуге шақырамын. Ол үшін арнайы автобустар ұйымдастырылған. Орталықтарда ыстық тамақ пен киім-кешек беріледі. Дамба екі жерінен жарылған. Қазір техника жұмыс істеп жатыр.
Ал Челябі облысындағы тағы бірнеше ауданда төтенше жағдай жарияланды. Бірқатар аймақта жоғары дайындық жағдайы енгізілді. 200-ден аса тұрғын эвакуацияланды. Аймақта газ құбыры зақымданған. Өңірде жапан шеккен тұрғындардың шығын көлемін анықтау үшін арнайы комиссия құрыла бастады. Қазір Алтай өлкесі мен Самара облысындағы жағдай да күрделі. Жалпы биыл қыста Ресейде қар көп жауып, көктемде күн күрт жылынған. Көрші елдің көп өңірін су басуының себебі осы. Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары күні-түні жұмыс істеп жатыр. Осы уақытқа дейін олар 3 жарым мыңнан аса адамды құтқарған.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!