Ресейде маймыл шешегінің алғашқы жағдайы расталды. Бұл туралы Роспотребнадзор өкілі айтты , - деп хабарлайды Massaget.kz.
Ведомство мәліметінше, ауру Еуропа елдерінен сапардан оралған адамнан анықталған. Бөртпесі бар жігіт медициналық мекемеге жүгінген.
"Науқастан алынған биоматериалдар тестілеуден өткізуге уәкілеттік берілген Роспотребнадзор мекемесіне шұғыл жіберілді. Биоматериалдарды зерттеу нәтижелері бойынша маймыл шешегі расталды.
Науқас оқшауланды. Ол инфекциялық медициналық ұйымда болады. Ауру жеңіл түрде өтіп жатыр. Науқастың өміріне қауіп төніп тұрған жоқ", - делінген хабарламада.
Науқас Ресейге келген соң, шектеулі адамдар тобымен байланыста болғаны атап өтілді.
Маймыл шешегі - вирустық ауру, оның белгілері табиғи шешекпен ауыратын науқастарда байқалған белгілерге ұқсас.
11 шілдедегі жағдай бойынша 59 эндемиялық емес елдер мен аумақтарда 9 мыңнан аса инфекция жағдайы анықталған.