Әлеуметтік желілерде Ресейдің Ленинград облысында болған қақтығыстың видеолары тарап жатыр. Желідегі мәліметке қарағанда, жаппай төбелесте Қазақстан азаматтары да болған, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Threads-тегі жазбаға сүйенсек, бұл оқиға Усть-Луга кентіндегі вахталық қалашық аумағында болған. Видеода жиналған адамдарға жоғары жылдамдықпен көлік басып кіргені көрінеді.
Желі қолданушыларының бірі "қақтығыс Қазақстан азаматтары мен жергілікті күзетшілер арасындағы келіспеушіліктен басталды" деген нұсқаны алға тартты.
Сондай-ақ, желіде тағы бір видео пайда болды. Болжам бойынша кадрда кәсіпорын күзеті адамдарды көлікке күштеп тиеп жатыр.
Ведомство бұл оқиға 26 наурызда Усть-Луга кентінде болғанын растады. СІМ мәліметінше, Ресейдің құқық қорғау органдары оқиғаға қатысушыларды ұстаған.
"Қазақстанның Санкт-Петербургтегі Бас консулдығы 26 наурызда Усть-Луга кентіндегі "Велестрой" компаниясының нысанында болған қақтығыс туралы ақпаратты тексеріп жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша оқиғаға қатысушыларды Ресейдің құқық қорғау органдары мән-жайды анықтау үшін ұстаған. Ресейдің құзыретті органдары мен компания басшылығына ресми сауалдар жолданды", - деп жазылған СІМ хабарламасында.
Министрлік өкілдері зардап шеккен Қазақстан азаматтарының саны мен олардың құқықтық мәртебесін нақтылау үшін дипломаттар Санкт-Петербург және Ленинград облысының құзырлы органдарымен байланыста екенін айтты.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!