Ресейдің Санкт-Петербор қаласындағы өзенге құлаған автобустың жүргізушісі қамауға алынды. Жеті адамның қазасына әкелген қайғылы жағдайға қатысты ол жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал өзенге құлаған автобустың ішіндегі адамдарға бірінші болып көмекке ұмтылған — отандасымыз Ерхан Аханов. Ол КТК телеарнасына сұхбат берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Автобус бірнеше көлікке соғылып, артынша көпірдің қоршауын бұзып Мойка өзеніне құлайды. Осы сәтте жерлесіміз Ерхан Аханов жұмысынан үйіне қайтып бара жатқан. Қоғамдық көліктің суда жатқанын көріп бірден көмекке тұра ұмтылады.
"Дуалдың сынып жатқанын көріп және де автобустың суға батып бара жатқанын көремін. Сол кезде ойланбай тез қимылдап, жүзіп келген кезде, үстіне шыққан кезде, люкты аша бастаймыз. Ашып жатқан кезде қалған жігіттер суға түсіп бізге көмекке келді. Әйелді люк арқылы судан шығардық. Яғни автобустың ішінен", - деді Ерхан Аханов.
25 жастағы азамат үш метр биіктіктен суға секірмек болған. Маңындағылар оның қауіпті екенін айтып, арқан тауып көмектесіпті. Өзенге түсе салысымен, дереу адамдарды құтқаруға тырысқан.
Ерхан Қарағанды облысы Шахтинск қаласының тумасы. Ата-анасы, бауырлары сонда тұрады. Ал өзі Санкт-Петербор қаласында үш жылдан бері білім алып жатыр екен және қосымша жұмыс істейді. Ұлының ерлігі жайында анасы кейін білген.
"Папасына телефонмен айтып жатқан, осынай жағдай болды деп. "Адамдарға көмектестім" деп жай ғана айтты. "Ее, жақсы, жақсы деп, біз аса көңіл бөлген жоқпыз. Енді байқамайсың ба деп, өзім уайымдадым, бір жағынан. Бір жағынан, "дұрыс" дедім. Менің мақтанышым, Ерханым", - дейді Ерханның анасы Мейрамкүл Түсіпова.
Айта кетейік, қайғылы оқидан автобустың жеті жолаушысы көз жұмды. Тағы екі адам ауыр халде ауруханаға түскен. ҚР сыртқы істер министрлігі қаза болғандардың арасында отандастарымыздың жоқ екенін айтты.
Жалпы апат кезінде қоғамдық көліктің ішінде 20 жолаушы болыпты. Автобустың жүргізушісі қамауға алынып, тергеу кезінде ол кінәсін мойындаған. Тежегішінде ақауы бар қоғамдық көлікті басқарғанын мәлімдеп, жұрттан кешірім сұраған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!