Ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында бірнеше рет алаяқтық жасаған күдікті Ресейден экстрадицияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Күдікті 2023-2024 жылдары ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында ақпараттық жүйе пайдаланушыларын алдау және олардың сенімін пайдалану арқылы ірі мөлшерде алаяқтық жасауға бірнеше рет жәрдемдескен. Күдікті мен оның сыбайластары Instagram желісін пайдаланып, азаматтардың сеніміне кіріп, салынған инвестиция сомасынан бірнеше есе көп табыс алуға уәде беріп, өз компаниялары арқылы ақша инвестициялауға үгіттеген.
Ақшаны алғаннан кейін оларды қылмыстық топ қатысушылары арасында бөліп, өз қажетіне жұмсаған.
Алаяқтардың қылмыстық әрекеті салдарынан Қазақстанның әртүрлі өңіріндегі 75 азаматқа жалпы сомасы шамамен 80 млн теңге көлемінде залал келген.
Қылмыс жасалғаннан кейін 4 адам әртүрлі мерзімге бас бостандығынан айырылған. Ал соңғысы қылмыстық қудалау органдарынан бой тасалап, оған халықаралық іздеу жарияланған.
"2025 жылғы наурызда ол Ресей Федерациясы аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасының сұрау салуы бойынша Отанына экстрадицияланды. Қазір ол тергеу изоляторына қамалды", - деп жазылған хабарламада.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз