СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров Украина әскерінің РФ аймағына шабуыл жасауына қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстан қос тарап арасындағы қақтығыс бейбіт жолмен тоқтауы керек деген ұстанымда.
"Шынында да, бүгінде бүкіл әлем Ресей Федерациясының Курск облысының жекелеген аудандарындағы жағдайға алаңдаушылықпен қарап отыр. Қазақстан барлық елмен БҰҰ Жарғысында бекітілген мемлекеттердің аумақтық тұтастығы қағидатын нақты сақтау қажеттігін әрдайым айтып келеді. Осыған байланысты біз саяси-дипломатиялық құралдарды кеңінен пайдаланып, мемлекеттер арасындағы барлық қақтығысты тек бейбіт жолмен шешуді қолдаймыз. Сонымен қатар, өзара қолайлы шешімдерді сындарлы түрде табуға бағытталған халықаралық қоғамдастықтың барлық күш-жігерін құптаймыз", - деді Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі.
Айта кетейік, соңғы айда Ресей-Украина соғысы ушыға түсті. 2024 жылғы 6 тамызда Украина әскері күтпеген жерден Ресейдің Курск облысына шабуыл бастады. Киев 1 мың шаршы шақырым жерді және бірнеше елдімекенді басып алғанын мәлімдеді.
Алайда АҚШ-тың соғысты зерттеу институты (ISW) дерегінше, Украина Курск облысында шамамен 800 шаршы шақырым жерді бақылауға алуы мүмкін.
Украина президенті Владимир Зеленский болса, "Ресейдің Курск облысында Украина әскері 74 елдімекенді бақылауға алды" деп мәлімдеме жасады.
Еске салайық, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс 2022 жылғы 24 ақпаннан бері жалғасып келеді. Осыдан кейін АҚШ пен Еуропа елдері РФ-ға түрлі санкция салғаны белгілі.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!