Ресей рублінің құнсыздануы одан әрі жалғаса бермек

Доллардың бәсі артып, Ресей рублінің құнсыздану одан әрі жалғаса бермек. Тіпті, жылдың соңына дейін Ресейде кемінде екі девальвация болуы мүмкін. Мұндай, жағымсыз болжамды Владислав Жуковский деген қаржы сарапшысы жасап отыр. Біздің қазақстандық мамандар да мұндай сценарийді жоққа шығармайды. Біздің елге қандай әсері бар екенін, сондай-ақ, кімдер үшін ауыр тиіп, керісінше кімдерге пайдалы болатынын да саралап берді, - деп хабарлайды 31.kz тілшілері.

Владислав Жуковский ең алдымен ресейлік телеарналардың біріне сұхбат беріп, елді елең еткізген. Артынша өзге баспасөз құралдарына сарапшы "елде дағдарыс жоқ, бәрі дұрыс" деген үкіметті сынға алып, мұның бәрі халықты алдау деген пікір айтыпты.

ВЛАДИСЛАВ ЖУКОВСКИЙ, қаржылық сарапшы:

- Біз жойқын дауылға енді ғана беттеп келеміз. Қазірдің өзінде 5 аса ірі дағдарыс жағдайында тұрмыз. Олардың екеуі - ресейлік, үшеуі - ғаламдық. Оларға тоқтау салу мүмкін емес.

Мұның бәрін мұнай бағасының арзандауымен түсіндірген қаржыгер қазіргі кезде Ресей рублінің құнсызданатыны сөзсіз деп отыр. Жуырда ол долларына 85 рубль болады деп болжайды. Оның үстіне, қазақстандық сарапшылар мұнай бағасының бұдан әрі арзандауы мүмкін деп отыр. Олай деуге бірнеше алғышарттар бар екен.

РАСУЛ ЖҰМАҰЛЫ, саясаттанушы:

- Біріншіден, Америка Құрама штаттары мұнай өндірісін көбейтіп отыр. Мұнай нарығына Иран деген өте ірі мұнай өндіруші ел еніп отыр. Яғни мұнайдың ұсынысы әлемдік нарықта көбейеді де, тиісінше баға төмендейді деген сөз. Тіпті, 30-40 долларға кетіп қалуы ықтимал.

Мұндай жағдайда, экономикасы мұнайға тәуелді елдердің үкіметі де, халқы да пайда көрмейтіні анық. Отандық экономистердің айтуынша, соған қарамастан билік тарапынан алдын алуға байланысты жаңа қадамдар жасалмай жатыр екен. Мамандар, дағдарыс кезіндегі құнды активтердің арзандауы белгілі бір тұлғаларға тиімді болуы мүмкін дейді.

ЖАНГЕЛДІ ШЫМШЫҚОВ, экономист:

-   Таң қаласың да. Осындай қиындықтардың алдында осыдан 1 жыл бұрын, біз осы жыл бойы жекешелендіру, тағы да қосымша кешірімділік жасау сырттан келетін капиталдарға, осының бәрі тура сәйкес келіп тұр да. Енді осы жағдайда әрине шенеуніктер барынша жанталасып, қолданып қалуы әбден мүмкін.

Ал егер Жуковский айтқандай, Ресей рублі құлдырап, көмірсутек арзандаса Еуразиялық экономикалық одақ аясында қойы араласып жатқан Қазақстан қайтпек? Бұл орайда, кейбір сарапшылар дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуымыздың пайдасы тиіп қалар деп үмітті. Тек, биліктегілер қаржылық ахуалдың мәз емес екенін мойындауы керек дейді.

РАСУЛ ЖҰМАҰЛЫ, саясаттанушы:

-  Дағдарыстың барлық көріністері бар. Қазір үкіметтің өзі жаппай үнемдеуге көшуіміз керек деген мәлімдемелері, салықтардың көбеюі. Байқасаңыздар, келешек ұрпақтарға деп жинаған ұлттық қорға бір емес, бірнеше рет қол салуы, ол аздай енді мынау зейнеткерлік қорға қол салайын деп отырғаны мұның барлығы елдегі қаржылық жағдайдың өте нашар екендігінің көрінісі. Жақын арада жағдай түзеле қояды деп мен ойламаймын.

Қазақстандық сарапшылар ресейлік қаржыгердің "дағдарыс 10 жылға созылуы мүмкін" деген пікірімен ғана келіспейді. Сөйте тұра, ел экономикасын тығырықтан алып шығу үшін жаңа механизмдерді қолға алу керектігін айтып отыр. Өйткені, басты жұбаныш болып отырған ұлттық қордың азайып жатқанын ұмытпау қажет дейді.