Ресей, Өзбекстан, Ауғанстан азаматтары да тартылған: Қазақстанда ірі қылмыстық схемалар әшкере болды

Арнайы прокурорлар интернеттегі есірткі бизнесіне қарсы күрес бойынша бірқатар ірі істі тергеп-тексеру жұмыстарын аяқтап, сотқа жіберді. Бұл туралы Бас прокурор Берік Асылов мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Шымкентте Telegram мессенджері арқылы жұмыс істейтін халықаралық есірткі желісінің жолы кесілген.

"Қылмыстық схемаға 300-ден аса адам қатысқан. Тек екі айыпталушының транзакциялары бойынша айналым 7 миллион АҚШ долларынан асқаны белгілі болды. 24 адам ұсталды, олардың арасында Ресей, Өзбекстан және Ауғанстан азаматтары бар. 500 миллион теңгеден аса мүлік тәркіленді. Ақша дропперлердің банк карталары және лицензияланбаған криптобиржалары арқылы аударылып отырған. Криптовалюталардың түпкілікті алушылары - шет елдердің азаматтары. Сондай-ақ, тергеу барысында Шымкент аумағынан екі есірткі зертханасы табылып, олар жойылды", - деді Асылов.

Олардан 6,1 келі дайын мефедрон; 330 грамм сатуға арналған оралған есірткі; 2,1 тонна прекурсор; зертханалық жабдықтар жиынтығы тәркіленген.

"Қылмыстық желі "Карбон", DDD_Shym және басқа Telegram арналарын пайдаланған, бұл арқылы есірткі таратылып қана қоймай, "алғашқы қолданушыларға" өндіру әдістері үйретілген. Кейбіреулер прекурсорларды жеткізетін және айналымды бақылайтын негізгі желімен байланысын сақтап, өз арналарын ашқан", - деп жазылған хабарламада.

Ал Ұлытау облысында Kaef Mafia Telegram арнасы арқылы есірткі сатқан дүкеннің жұмысы тоқтатылды.

"6 айыпталушы қамауға алынды, цифрлық активтерді, криптовалюта әмияндарын және басқа да табысты қосқанда, 3,2 миллиард теңгеден аса қаржы мемлекет кірісіне түсті. Маңғыстауда Dune-Operator 24/7 есірткі дүкенінің жолы кесілді", - деп жазылған хабарламада.

Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!