- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ресей Олимпиада ойындарына...
Ресей Олимпиада ойындарына жіберілсе, 35 ел бойкот жариялауға дайын: ал Қазақстанның позициясы қандай?
Украина премьер-министрі Денис Шмыгаль әлеуметтік желідегі парақшасында Ресей мен Беларусь 2024 жылы өтетін Олимпиада ойындарына жіберілсе, бойкот жариялауға дайын екендерін мәлімдеді. Бұл жағдайда Қазақстанның позициясы қандай? Massaget.kz тілшісі сарапшылармен сөйлесіп көрді.
Украина премьер-министрінің айтуынша, Ресей 340 украиналық спортшы мен жаттықтырушыны өлтірген. Сондай-ақ, ол 343 спорттық нысан қирап, бейбіт қалалар мен ауылдарға күн сайын зымыран, дрондармен шабуыл жасалып жатқанын мәлімдеді.
"Спорт және агрессия бір-біріне үйлеспейді. Өздерін украиналықтардың қанына былғаған мемлекеттер Олимпиада ойындарына қатыса алмайды. Әділ спорт үшін құрамына 35 мемлекет кіретін қуатты халықаралық коалиция құрылды. Ресей Федерациясы мен Беларуське жарыстарға қатысуға рұқсат етілсе, Париждегі Олимпиада ойындарына бойкот жариялауға дайынбыз", - деді Денис Шмыгаль.
Бұған дейін Қазақстан 2024 жылғы жазда Парижде өтетін Олимпиада ойындарына ресми түрде шақыру алған болатын. Ал Ресей мен Беларусьтің жағдайына байланысты ендігі ұстаным қандай болмақ?
Танымал спорт комментаторы Есей Жеңісұлы спорт пен саясатты бір-біріне байланыстыруға болмайтынын айтады.
"Олимпиада халықаралық саяси мәселе емес. Халықаралық Олимпиада комитеті әр мемлекетті қатыстырып-қатыстырмауды өзі шешеді. Бір елдің саясатына қатысты болса, қазіргі Ресей мен Беларусьтің жағдайындағыдай сол елдің соғысты қолдамайтын өкілдерін ғана шақыра алады. Бүкіл әлемдік қозғалыс болғандықтан, сыртқы істер министрі немесе елдің басқа да басшыларынан мәлімдеме күтудің қажеті жоқ. Бұл ешқандай да саяси нәрсе емес. Одан да Қазақстанның спортшылары төрт жылдық үлкен аламанға барсын, Токиода кеткен есені қайтарсын. Басқа ештеңе жоқ. Оның қарсыласы ресейлік бола ма, украиналық бола ма, бұл - спорт. Саясатты араластырудың қажеті жоқ. Алғаш 1896 жылғы Олимпиада өткен кезде де ұраны сол болды: "саясаттан тыс болу керек". 1936 жылы Берлинде Гитлер Олимпиада өткізді. Сол секілді Олимпиада белгілі бір билеушінің құдіретін танытатын құралға айналып бара жатыр. Қазіргі біздің жағдайымызда да кім 2030 жылы Қысқы Олимпиада өткізетінін көзге шұқып айтпай-ақ қояйық", - дейді ол.
Оның сөзінше, Олимпиада - елдің намысын қорғайтын, спортшылар асыға күтетін бәсеке. Сондықтан бұл сында да қазақстандық спортшылар аянып қалмауды ғана ойлауы қажет.
"Бұл кәдімгі спорттық ағым. Оны спортшылар ғұмырын арнап күтеді. "Қалай да жүлдесін иеленсек" дейді, жүлдесін иеленген жан "чемпион болсам" дейді. Сондықтан арманның қанатын саяси амбицияларға бола кесудің қажеті жоқ. Әрбір спортшы дайындалсын. Осыдан біраз уақыт бұрын Украина Спорт министрлігі "Украина спортшылары Ресей мен Беларусь спортшылары қатысатын болса, қатыспайды" деп шығарып еді. Украина қоғамының өзі спортшыларымыздың арманын кесіп тастаудың қажеті жоқ деп қарсы болып жатыр. Сондықтан қарсымын. Биліктен де ешқандай ресми мәлімдеме күтпеймін", - деп түсіндірді спорт комментаторы.
Ал саясаттанушы Асхат Қасенғали спорт саяси қақтығыстардағы бір құралға айналғанын айтады.
"Осы уақытқа дейін спортты саясаттан бөлек деп қарастырсақ та, спорт геосаяси қақтығыстарда, бәсекелестікте ірі державалардың бір құралына айналып кетті. Ол бүгін немесе кеше пайда болған дүние емес. Қырғи қабақ соғыс кезеңінен бастап Олимпиада ойындарына, халықаралық сайыстарға бойкот жариялау үлкен тәжірибеге ие болды. 80-жылдары Америка Құрама Штаттары бастаған, 65 басқа мемлекет қостаған өркениетті әлемнің КСРО-да өткен Олимпиадаға бойкот жариялағанын жақсы білеміз. Себебі бір жыл бұрын, 79-жылы Ауғанстанға Кеңес Одағы баса-көктеп кірді, соғыс басталды. Социалистік қоғамға жасалған батыстың шешімі ретінде осындай бойкот жарияланды. Араға 4 жыл салып, Кеңес Одағы да АҚШ-та Олимпиадаға барудан бас тартты. Бұл геосаяси жағдайларға ірі державалардың позициясын білдіреді. Екінші жағынан алып қарағанда, Олимпиада ойындарының ұйымдастырылуына имидждік соққы жасағысы келеді", - дейді ол.
Асхат Қасенғалидің сөзінше, қазір де дәл осындай мәселе көтеріліп жатыр.
"Дәл осындай жағдай қазіргі уақытта да көтеріліп жатыр. "Ресей мен Беларусь спортшылары алдағы Олимпиадаға қатысатын болса, біз барудан бас тартамыз" деген көзқарастарын көріп отырмыз. Тура 80-жылдардағы секілді мемлекеттердің өзіндік позициясын білдіреді. Екіншіден, Халықаралық Олимпиада комитетіне Ресей мен Беларусьті жібермеуге жасалған қысым ретінде түсінуге болады. Яғни алдағы Олимпиада сәтті өтуі үшін Ресей мен Беларусь бірі соғысты бастаған, екіншісі соғысты жақтаған мемлекет ретінде Олимпиадаға жіберілмеуі керек деген бір қысым ретінде қабылдауға болады. Осындай қиын жағдайда Қазақстан бойкот жариялаған елдердің қатарына қосыла ма деген сұрақ туындайды. Қазақстан мұндай мәселелерде өз позициясын жақсы білдіріп келе жатыр. Әсіресе, Ресей мен Украина соғысында Біріккен Ұлттар Ұйымының жарғысына сүйенеді. Яғни Украинаны аумақтық тұтастығын қолдайды. Бірақ спорт мәселесіне келген кезде, санкция мәселесінде Қазақстан бейтарап позиция танытады. Қазақстан Ресейге салынған санкцияларға өз аумағы арқылы бұзылуына жол бермейді. Бірақ Ресейге салынған санкцияларға қосылып, өзі санкция салмайды. Спортта да тура сондай, Ресейге, Беларуське қатысты жариялануы тиіс бойкоттарға қосылмайды десек болады. Яғни Қазақстан бұл мәселеден тыс қалады деп айтуға болады", - дейді ол.
Ал саясаттанушы Әділ Сайлаубек басты орында спортшылардың нәтижелі оралуы екенін жеткізді.
"Париждегі Олимпиадаға барлық дерлік мемлекет қатысуға ниет білдіріп жатыр. 35 мемлекет Ресей мен Беларусь, әсіресе, Ресей спортшылары қатысса, бойкот жариялаймыз деп отырғаны - әлемдік деңгейдегі бойкот. Ресей көршілес, оның ішінде тарихи көршілес мемлекет болғаннан кейін, арада экономикалық байланыс болған соң Қазақстан бейтарап позиция ұстанады деп ойлаймын. Қай мемлекеттің қатысуы маңызды емес, ең бастысы спортшылардың нәтиже көрсетуі маңызды. Кейінгі Олимпидаларға қарағанда, әлсіздік байқалады. Сондықтан спортшылардың нәтижемен қайтуы - ең бастысы", - дейді сарапшы.
Айта кетейік, XXXIII жазғы Олимпиада ойындары 2024 жылғы 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Франция астанасы Парижде өтеді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова