Ресей мен Украина арасындағы келіссөздердің үшінші кезеңі бүгін Стамбұлда өтеді

Ресей мен Украина арасындағы келіссөздердің үшінші кезеңі бүгін Стамбұлда өтеді
Фото: depositphotos.com

Бүгін кешке Стамбұлда Ресей мен Украина делегациялары арасындағы келіссөздердің үшінші раунды өтуі тиіс, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі БАҚ-қа сілтеме жасап.

Атап айтқанда, "Укринформ" агенттігінің хабарлауынша, келіссөздер жергілікті уақытпен сағат 19:00-де "Чыраған" сарайында басталады. Сол күн, уақыт пен орынды кейбір ресейлік ақпарат агенттіктері де растап отыр.

Бұл келіссөз – Ресей мен Украина арасындағы үшінші раунд болмақ. Ресей делегациясын президент көмекшісі Владимир Мединский басқарады, ал Украина тарапынан делегацияны Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы, бұрынғы қорғаныс министрі Рүстем Умеров бастап барады.

Бұған дейін де БАҚ Ресей мен Украина арасындағы жаңа келіссөздердің орны мен уақытын хабарлаған еді. Ақпараттарға сәйкес, олар осы аптада Стамбұлда өтеді деп жоспарланған.

Кеше Кремль келіссөздердің тақырыптарын жариялады. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песковтың айтуынша, тараптар соғысты аяқтау шарттарына қатысты екі меморандум жобаларын және басқа да күрделі мәселелерді талқыламақ.

Сондай-ақ, Украина президенті Владимир Зеленский де келіссөздер тақырыбына тоқталып өтті. Оның айтуынша, негізгі мәселелер: тұтқындарды қайтару, Ресейге әкетілген балаларды елге жеткізу және екі ел басшыларының кездесуіне дайындық.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

А. Бақдаулет
Logotype Massaget