Ресей Қазақстанның үш қаласына жылу станцияларын салады, тарифтерді кім белгілейді?

Ресей Қазақстанның үш қаласына жылу станцияларын салады, тарифтерді кім белгілейді?
Фото: depositphotos.com

Қазақстанның үш қаласына Ресей салатын жылу станцияларының тарифін кім белгілейді деген сұраққа Үкіметте өткен брифингте Энергетика вице-министрі жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде жылу тарифтерін де Ресей тарапы белгілейді деген ақпарат тараған болатын. Брифингте журналистер аталған сұрақты Үкімет мүшелеріне қойды. Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов аталған ақпаратты жоққа шығарды.

"Бұл жалған ақпарат. Үш жылу орталығын салуға үкіметаралық келісім бар, жұмыстар жасалып жатыр. Тапсырыс беруші - "Самұрық Энергия" компаниясы. Ресей тарапы ол станцияларды мердігер ретінде тек салады. Салынып болғаннан соң ол станциялар "Самұрық Энергия" компаниясының құзыретінде болады. Орталықтар салынғаннан кейін ғана тариф бекітіліп, инвестицияларды қайтару басталады", - деді энергетика министрі. 

Айта кетейік, қараша айында ҚР Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин Ресей тарапы Көкшетау, Семей және Өскеменде жаңа жылу электр станцияларын салатынын мәлімдеген. 

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз

А. Бақдаулет
Logotype Massaget