- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ресей Қазақстаннан жұмыртқа...
Ресей Қазақстаннан жұмыртқа сұрады
Ресей тарапы Қазақстанға сауда желілеріне тауық жұмыртқасын жеткізуді ұлғайту туралы өтінішпен жүгінді. Бұл туралы үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Қазақстан мен Ресей премьер-министрлерінің орынбасарлары Серік Жұманғарин мен Алексей Оверчук екіжақты сауданың өзекті мәселелерін талқылады.
"Ресей тарапы Қазақстанға Ресейдің сауда желілеріне тауық жұмыртқаларын жеткізуді арттыру туралы өтініш жасады. Серік Жұманғарин ауыл шаруашылығы министрлігіне мәселені қысқа мерзімде қарауды және қазақстандық өнімді Ресей Федерациясының шекаралас аймақтарына жеткізуді арттыру мүмкіндігін іздеуді тапсырды. Сондай-ақ, өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелерінде шешім қабылдауда икемділік қажет екенін атап өтті", - делінген хабарламада.
Қазақстанда отандық құс фабрикаларының жұмыртқамен қамтамасыз ету деңгейі 2022 жылы халық қажеттілігінің 102 пайзын құраған. 2023 жылдың 11 айында Қазақстан Ресейге, Ауғанстанға және Қырғызстанға шамамен 186,6 миллион дана тауық жұмыртқасын экспорттағаны да айтылды.
Бұған дейін Сенат спикері Мәулен Әшімбаев қазақстандық кәсіпкерлерге Ресей кедені әділетсіз қарайтынын айтқан болатын. Ол Ресеймен шекарада қазақстандық өнімдерді тым ұзақ тексеру туралы мәселені көтерді. Мәулен Әшімбаев барлық қатысушылар үшін ережелер бірдей болуы керек деп есептейді және сауда және интеграция министрі Арман Шакқалиевті тиісті шараларды жедел қабылдауға шақырды.
2023 жылдың 12 желтоқсанында Ресей мен Беларусь азаматтары болып табылмайтын азаматтар үшін "Рудня" өткізу бекетіндегі өткел толығымен жабылғаны, ал 2024 жылдың 8 қаңтарында осы аталған шектеу қалған екі "Қызыл" және "Қызыл тас" өткізу бекеттеріне де таралғаны белгілі болды.
"Бүгінде Ресей тарапының көмегімен Ресей-Беларусь шекарасындағы жағдай басқа өткізу пункті арқылы жүк ағындарын қайта бағыттауға мүмкіндік берді. Көліктердің негізгі бөлігі шекарадан өтіп үлгерді. Навигациялық пломбаларды электронды түрде рәсімдеуді қажет ететін жүктермен қиындықтар туындады.
Тараптар жағдайды тезірек шешу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға келісті. Келіссөздер ЕЭК Кеңесінің отырысы қарсаңында Мәскеудегі екіжақты кездесу шеңберінде жалғасатын болады".
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
С. Сатыбалдина