- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ресей Қазақстанға жолбарыстарды...
Ресей Қазақстанға жолбарыстарды тегін береді
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Ресей Амур жолбарыстарын Қазақстанға тегін беретінін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Ол қыркүйекте Қиыр Шығыс экономикалық форумында министрлік өкілдері Ресейдің Табиғи ресурстар министрлігімен меморандумға қол қойғанын айтты.
"Қазір жол картасы дайындалып жатыр, соның шеңберінде ғылыми-зерттеу және т.б. іс-шаралардан бөлек, 2025 жылы Амур жолбарысының бірінші партиясын әкеле бастаймыз. Екі ұрғашысы және бір еркегі әкелінеді. Тиісті жұмыс қазір жалғасып жатыр. Азық қорын дайындадық. Жеткілікті мөлшерде елік пен қабан бар", - деді Брекешев.
Министр жолбарыстар мекендейтін Іле-Балқаш қорығында 415 мың гектардан аса жер ұйымдастырылғанын атап өтті. Сондай-ақ, Брекешев Амур жолбарыстары үшін ақы төленіп-төленбейтінін айтты.
"Ақы төлеу туралы келісім жоқ, оларды Ресей Федерациясы тегін береді. Мұнда төлем мәселесі қажет емес.
Амур және Тұран жолбарыстарына келетін болсақ, біздің ғалымдар ДНҚ бойынша, Тұран жолбарысына ұқсас Амур жолбарысы екенін дәлелдеді. Іле-Балқаш қорығы аумағында Амур жолбарысын қайта жерсіндіру туралы шешім қабылданды", - деп толықтырды Брекешев.
Айта кетейік, 2021 жылы Қазақстан мен Ресей президенттері ХХ ғасырда Қазақстан аумағында өмір сүрген Тұран жолбарыстарын қайта жерсіндіру мәселесін талқылаған еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова