Ресей Қазақстанға АЭС құрылысы үшін несие береді

Ресей Қазақстанға АЭС құрылысы үшін несие береді
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда атом электр станциясын салу үшін Ресейден мемлекетаралық несие тарту жоспарланып отыр. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттік төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Алмасадам Сәтқалиев АЭС құрылысын қаржыландыруда қиындық туындамайтынын айтты. Оның сөзінше, Қазақстан мен Ресей мемлекетаралық несие механизмін әзірлеп жатыр.

"Бірінші келісім атом станциясы құрылысына, ал екінші келісім Ресей тарапынан қаржыландыруға қатысты. 85 пайызы несие түрінде, 15 пайызы Қазақстан Үкіметі тарапынан бөлінеді деп қарастырылған", - деді ол.

Жобаның түпкілікті құны жобалау жұмыстары аяқталғаннан кейін айқындалады. Агенттік төрағасының айтуынша, әрқайсының қуаты 1200 мегаватт болатын екі энергия блогы үшін сомасы шамамен 15 миллиард долларға жетуі мүмкін.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда АЭС салынуы мүмкін тағы бір өңір аталды. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Ж. Қадыржанова
Logotype Massaget