Сот үкімін орындаудан жалтарған Қазақстан азаматы Ресей Федерациясынан экстрадицияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Әйел Қарағанды қаласы Әлихан Бөкейхан атындағы аудан сотының 2024 жылғы үкімімен кінәлі деп танылған. Ол адамдармен алдын ала сөз байласып, күш қолдану арқылы тонағаны және бөтеннің мүлкін ұрлағаны үшін айыпталған. Сот оған 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындаған.
Алайда сотталған адам пробация бақылауында бола тұра, 2025 жылы наурызда жазаны өтеуден жалтарған. Сондықтан бас бостандығын шектеу жазасының өтелмеген 1 жыл 4 ай 7 күні бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылып, оған іздеу жарияланған.
"Ол 2025 жылы қарашада Ресей аумағында ұсталған. Сотталушы Қазақстанның Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды. Ол тергеу изоляторына қамалды", - деп жазылған хабарламада.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова