Ресей саясаткері, ТМД істері жөніндегі Мемлекеттік Дума комитеті төрағасының бірінші орынбасары, депутат Константин Затулин Қазақстанға кіре алмады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ақпарат ресейлік БАҚ-та пайда болды. Бұған дейін Константин Затулин Қазақстанның тарихи жеріне, оның аумақтық тұтастығына күмән келтірген еді.
БАҚ мәліметінше, Константин Затулинді паспорт тексеру аймағында Қазақстанға өткізбей қойған.
Massaget.kz тілшісі бұл ақпаратқа қатысты тиісті органдарға сауал жолдады.
Еске салайық, былтыр ТМД істері жөніндегі Мемлекеттік Дума комитеті төрағасының бірінші орынбасары Константин Затулин Қазақстанға қатысты даулы пікір айтқан болатын. Ол Президент Тоқаевтың Луганск және Донецк сепаратистері жариялаған "мемлекетті" мойындамайтынын айтқаннан кейін, Қазақстанда Украина сценарийі қайталануы мүмкін деген пікір айтып, оның бірқатар аймағы тарихи тұрғыдан Ресейге тиесілі деген болатын.
Кейін Мәжіліс депутаты Айгүл Құспан мен экс-сенатор Мұхтар Құл-Мұхаммед оның Қазақстан туралы мәлімдемесіне пікір білдірген еді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!