- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Ресей депутаттары Қаңтар...
Ресей депутаттары Қаңтар оқиғасы кезінде қандай мәлімдеме жасады?
Қаңтар оқиғасы кезінде ресейлік көптеген шенеунік Қазақстан туралы түрлі даулы мәлімдеме жасады. Оның ішінде "Қазақстанды Ресейге қайтару" секілді ақылға қонымсыз пікірлер болған. Massaget.kz тілшісі Қаңтар оқиғасы кезінде Ресейдің кей депутаты Қазақстан туралы не айтқанын еске салады.
Биыл сәуірде ЛДПР-дың қайтыс болған көшбасшысы Владимир Жириновский қаңтардағы қырғын кезінде қазақ әскері әлсіз деп, тек "Ресей құтқара алатынын" айтқан.
"Қазақ әскері ешқашан соғысқан емес, олар болмаған да. Қазақтың қауіпсіздік қызметі мүлдем болған емес. Олар өте әлсіз, бәрі бірден шашырап кетеді. Полиция да солай. <…> Жағдайды тек орыс әскері құтқарады", - деген еді ол.
Биыл елімізде Қаңтар оқиғасы болып жатқанда ресейлік тағы бір шенеунік мәлімдеме жасап, дау шығарды. Ресей Мемлекеттік думасының қауіпсіздік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл комитетінің мүшесі Бийсұлтан Хамзаев "Қазақстанның тарихи Отаны - Ресеймен бірігуі" туралы референдум өткізу керегін айтты.
Бийсултан Хамзаев
"Орталық Азия - Ресей жері! Желіде Қазақстанның Ресейге қайта қосылуы мүмкін екені туралы пікірталас жүріп жатыр. Жеке менің, саясат пен қызметіме қарамастан, Ресей Федерациясының азаматы ретіндегі ұстанымым. Мен Қазақстанда "Қазақстанның тарихи Отаны - Ресейге қайта қосылуы туралы" референдум өткізуді қолдаймын", - деп жазды Дағыстаннан сайланған депутат Facebook-парақшасында.
Кезінде "Қазақстан жері - Ресейдің сыйлығы" деген әріптесін қолдаған депутат Евгений Федоров Қазақстандағы жағдай туралы былай деп еді:
"Жағдай анықталды! Тоқаев АҚШ-пен бірге Ресейге қарсы қастандық жасаған сияқты!".
Мемлекеттік Думада Коммунистік партияның депутаты Дмитрий Новиков та "Қазақстан Батыспен жұмыс істеп жатқанын" айтқан.
"Қазақстан Батыстың барлау органдары мен үкіметтерін қызықтырады, себебі ол Вашингтон өз құжаттарында XXI ғасырдағы басты екі қарсылас деп атайтын Қытай мен Ресейдің тағдырына әсер ете алатын ел саналады", - деді ол.
Дмитрий Новиков. Фото: duma.gov.ru
"Единая Россия" депутаты Константин Затулин Қаңтар оқиғасы кезінде елімізге ҰҚШҰ әскері келуіне қатысты пікір білдірген.
"Олар митингті тікелей басуға қатыспайды. Олардың рөлі - объектілерді қорғау. ҰҚШҰ елдері, ең алдымен Ресей Қазақстанда тұрақтандыру жағында екенін және осы жағдайда республиканың қазіргі Президентін, Тоқаев мырзаны қолдайтынын көрсету үшін ғана осынша көлемде енгізілді. Жалпы, Тоқаев мырзаға бұл - бүкіл әлем және бүкіл Қазақстан алдында қолдау көрсетуі", - деді ол.
Константин Затулин
Мемлекеттік думаның халықаралық істер жөніндегі комитеті төрағасының бірінші орынбасары Алексей Чепа Қазақстандағы орыстарға қысым көрсетіліп жатқанын айтқан.
"Жаңа жылдан кейінгі бірнеше күнде ресейліктерге деген көзқарас қатты нашарлады. Көрші қазақтар, таныстар - көптеген ресейліктен сырт айналды, тек ҰҚШҰ-ның бірінші ұшағы қонғаннан кейін бәрі қалыпқа келді", - деді Чепа.
Ресей Мемлекеттік думасының вице-спикері Борис Чернышов Қазақстандағы наразылық акцияларына "Лондон және Вашингтон аймақтық комитеттерінің" қатысы бар деп есептейді. Оның айтуынша, тәртіпсіздікке Қазақстан билігінің Кремльмен ынтымақтастық курсында болуы себеп.
"Қазақстан көшбасшыларының бірлігі, Мәскеумен ынтымақтастық курсына деген ынталығы Лондон мен Вашингтонның аймақтық комитеттеріне ұнамайды. Бұл жігіттер бос отырған жоқ", - деді Чернышов.
Борис Чернышов. Фото: duma.gov.ru
Депутат халықты "экономикалық себептерге" байланысты "алаңға шығарғанын" атап өтті, содан кейін шерушілер саяси ұрандар айта бастағанын тілге тиек еткен.
"Единая Россия" мүшесі Олег Матвейчев Қаңтар оқиғасы кезінде Facebook-те өте дөрекі жазба жариялаған.
"Алматыда барлық ұялы телефон салондарының басшылары, Facebook-те "Назарбаев қашан кетеді, 40 жыл бойы шаршатты" деп жазғандар азап көруі керек! Оларды тонап, әйелдерін зорлап, көліктерін өртеу керек", - деп жазған ол парақшасында.
Кейін жазбасын өшіріп тастап, кешірім сұраған. Желіде ұялы телефон салондарының басшылары, кәсіпкерлер митингке шыққандарды қолдап, тамақ тасығанын, әйелдері сонымен мақтанғанын оқып, эмоцияға ерік бергенін жазыпты.
Тоқаевтың жауабы
Ресейлік шенеуніктердің мұндай пікірлеріне биыл жазда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жауап берген болатын.
"Мүмкін, бұл ыңғайсыздау болар, бірақ мен осы бір трибунаны пайдалана отырып, Қазақстанға қатысты кей ресейлік депутаттардың жаңсақ мәлімдемелеріне наразылық танытқым келеді. Олардың ішінде журналист, мәдениет қайраткерлері де бар.
Біздің арамызда қандай да бір үлкен мәселе жоқ. Барлық іріткі салу әрекеттері біздің халықтарымыз бен Ресейдің өзіне зиян. Осы бір мәлімдемелер маған мүлде түсініксіз. Қазақстан басшысының шешімдерін немесе еліміздегі жағдайға негізсіз пікір білдіру арқылы, олар нені көздеп жүр?!", - деген еді Тоқаев Петербург халықаралық экономикалық форумының 25 жылдығына арналған жиынның пленарлық отырысында.
Фото: Борт №1
"Бұлай жасауға болмайды!"
Таяуда "Единая Россия" партиясы өз депутаттарына арнап арнайы кодекс жасады. Ұсыныстардың қатарында әлеуметтік желілерде неадекват жағдайда жазбалар жазбау және сәнді тауарларды, экзотикалық саяхаттар мен мейрамханаларды жарияламау бар.
Кодекспен танылған РБК агенттігінің мәліметінше, Кодексте "Бұлай жасауға болмайды!" деген де бөлім бар. Онда біз жоғарыда атап өткен Бийсұлтан Хамзаев пен Олег Матвейчевтің жазбалары көрсетілген. Яғни, кодексте халықаралық мәселелер, басқа елдердегі әскери және ішкі қақтығыстар туралы пікір білдіруге болмайтыны жазылған.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
Е. Төлеш