- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Ренішім бар". Әншілерге...
"Ренішім бар". Әншілерге сәнді дастархан тігетін дизайнер оларға неге жарнама бермейтінін айтты
Қазіргі таңда үйде қолдан тігілген әдемі дастархан мен раннер, майлықтар сәнге айналды. Соларды тігіп, хоббиін кәсіпке айналдырған Марал Мажитовамен Massaget.kz тілшісі сұхбаттасты.
"Алғашқы табысым - 12 мың теңге"
Марал Қызылорданың тумасы, қазір көпбалалы ана.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Бұл іске кішкентай кезімнен қызығушылығым болды. 6-7-сынып оқитын кездерде өзім киім тігіп алып киетінмін. Тарих мамандығының магистрімін. Үйде перделерге өзгеріс жасағанды жақсы көретінмін. Келіндік өмірде де түрлі нәрселерді өзім тігіп, әсемдей беретінмін. Ол кезде хоббиімді кәсіпке айналдырамын деп ойлаппын. Алғашқыда моншақ, кеудеге тағатын алқалар жасап бастадым. Шығармашылықпен 6 жылдан аса уақыт айналысып келемін. Мамандығым бойынша ҚР Ұлттық музейде 10 жылдай жұмыс істедім. Сол жұмыс орнымда көрмеге қойылған бұйымдар шабытымды ашты. Жасаған бұйымдарыма әріптестер де таңғалып, тапсырыс бере бастады. Солай сұраныс көбейе бастады. Шоперлер тігіп, оған сурет салып, кесте тіктім. Ұлттық музейде жүргенде күні бойы жұмыс істеп, кешкісін отбасыма уақыт бөлетінмін. Бәрін аяқтаған соң хоббиіме уақыт арнайтынмын. Бұл маған да ұнады", - деді ол.
Оның айтуынша, әріптесінің сатып алған курсы оған ерекше әсер еткен.
"Жұмыста жүргенде әріптесім Айдана Алия Омарханның курсын сатып алған болатын. Сол қыздың қасында мен де қарайтынмын. Сөйтіп, менің қызығушылығым оянып, қызыға бастадым. Маған қөпшілігі "шетелге неге шығып, оқып келмейсің, киіну стилің басқаша ғой" деп жиі айтатын. Дизайнер болуға ұсыныс та айтты. Бірақ мұның бәрі қиын шаруа болып көрінді. Сосын әдемі дастархан тігуден бастауды жөн көрдім. Алдымен Алия Омарханның курсын қайта сатып алдым. Курсты бастаған бойда бірден мата алып, тігіп бастадым. Бұрын тігін курсын мүлде оқымағанмын. Тек тігін машинасымен жұмыс істеп білетінмін. Бірден түсіндім де, одан кейін ол курсты қарамадым. Алғаш тіккеннің өзінде менде керемет болып шықты. Сол жұмысымды курс жүргізетін автор "өте керемет, тапсырыс аласың ба?" деп ұсыныс айтты. Сөйтіп, жарты күнде тапсырысты тігіп, 12 мың теңге пайда көрдім", - деді Марал.
"Ұстазымның сенімі күш берді"
Маралға сәнді дастархан тігу қатты ұнаған. Сабақ алған ұстазымен бірге әлеуметтік желіде тікелей эфирге де шыққан.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Ұстазыммен эфирге шығып, бүкіл жұмыстарымды көрсеттім. Ол кісінің сенімділік бергені ұнады. Әрі қарай ойымнан қандай нәрсе шығаруға болады деп ойландым. Шетелдік Франция, Италия, Беларуссия елдерінің тоқыма бұйымдарын қарап, соны зерттеп іздене бастадым. Бірақ жұмыстарыма жарнама бермедім. Әркез клиент табылатын", - деді ол.
Оның айтуынша, тапсырыстардың көбеюіне кәсіби фотографпен жасаған суреттері де әсер еткен.
"Алғашқы уақытта әлеуметтік желідегі парақшамды жүргізу үшін фотограф жалдап, арнайы фотосессия жасаттым. Көп көмегін тигізді. Сол кезде автобуспен ыдысымды, барлық керек-жарақты тасығаным есімде. Өзімше декорға пластмасса гүл апарғанмын. "Мұндай гүл жарамайды, тірі гүл керек" деген соң соны сатып алдым. Сөйтіп, парақшама суреттерді салып, тұрақты жүргіздім. Одан кейін қолданушыларымның саны көбейіп, тапсырыс саны артты. Бірақ қазір қолданушыларымның санына емес, сапасына жұмыс істеймін. Дегенмен, тұрақтылықты ұмытпай, стористерді жиі салып отырамын. Бір рет жарнама беріп көргенмін. Алайда ешқандай пайдасы болмады. Содан кейін оны ойламадым. Жалпы әйел адам көзбен жақсы көреді ғой. Сол үшін парақшамнан қол үзбеймін", - деді Марал.
"Өтірік айтатынмын"
Ол қазір ательесін ашқан. Клинеттер келіп, сонда тапсырыс береді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Алғашқы айда қолданушылар фотосессиядағы суреттерді көріп, "үйім сол екен" деп ойлап қалыпты. Сосын "үйіңізге барып, матаны ұстайыншы, көрейінші" деп айтатын болды. Сол кезде жаман ыңғайсызданатынмын. Танымал, атақты кісілер солай сұрағанда, түрлі сылтау айтатын кездерім болды. "Цехқа кетіп қалдым, қолым бос емес" дейтінмін. Бірақ суретте қандай, дәл солай тігіп беретінімді түсіндіремін. Кейін инстаграмда тікелей эфирде мастер-класс жасай бастадым. Үйде офлайн форматта ақылы түрде шеберлік сағатын ұйымдастырып, 120 адамға үйреттім. Қазір онлайн да, офлайн да курс өткіземін", - деді Марал.
Марал ісін жалғыз бастағанымен, қазір көмекшілері бар.
"Қазір тапсырыстың көптігінен үлгермейтін болған соң көмекшілер алдым. Халық ақ, айвори түстегі дастархандарға көп тапсырыс береді. Негізінде экокожаға тапсырыс бергісі келетіндер көп. Бірақ мен онымен жұмыс істемеймін. Жаңа жыл, 8 наурыз, Ораза кезінде тапсырыс өте көп түседі. Қараша басталғаннан бастап, күніне 3-4 тапсырыс қабылдайтын кездерім болды. Көбінесе Орал, Алматы, Тараз, Шымкент, Қарағанды, Семей қалаларынан жиі тапсырыс түседі. Кейде физикалық тұрғыда үлгермеймін. Бірақ барынша уақытымды жоспарлап қоюға тырысамын. Мысалы, соңғы 10 күннің ішінде 8 тапсырыс тігіппін. Салфеткаларды қыздар дайындайды, дастарханды өзім тігемін. Бірақ тек дастархан емес, әшекейлеу, үйлесімді болуын, бәрін қараймын. Үйлеріне шақырып, консультация сұрайтындар да бар. Сондай кезде уақытым көп кетіп қалады. Бірақ барып-таңдап келуіме ақша алмаймын", - деді ол.
"Айлық табысым - 1 млн теңге"
Оның айтуынша, бастапқыдай емес, қазір халық құны жоғары болса да ерекше түстерге, қымбат материалдардан жасауға тапсырыс береді.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Кейде шаршап қаламын. Бірақ жұмыстың нәтижесін көріп, көңілім сергіп, қуанып қаламын. Бір аптада 250-300 мың, айына 1 млнға дейін табамын. Алдағы уақытты кәсібімді үлкейткім келеді. Маған негізі маркетингтік жағына көңіл бөлу керек", - деді Марал.
Марал тігетін материалды белгілі бір дүкендерден ғана алатынын айтты.
"Материалдың барлық түсін бірден алуға мүмкіндік болмайды. Сол үшін таңдап, ораммен аламын. Арнайы алатын дүкендерім бар. Жалпы бір нәрсенің қайталануынан жиі жалығып кетемін. Үнемі түрлі етіп өзгертіп, жаңалап отыруға тырысамын. Менің дастарханымның құны 11 мыңнан басталады. Олардың бағасын өсірсем, сапасын құртып аламын ба деп ойлаймын. Сол үшін жай-жай қадам басып көргім келеді. Қазір мейрамханалардан да тапсырыстар түсіп жатыр. Өткен жолы үлкен тапсырыстар болғанда цехқа беріп көргенмін. Бірақ олардың тіккендері маған ұнамады. Сондықтан олармен жұмыс істейтін ойым жоқ", - деді ол.
"Көңілім қалды"
Дизайнер кәсібін үлкейту мақсатында бірнеше рет мемлекет тарапынан берілетін шағын гранттарға тапсырған.
"Кәсібімді үлкейту үшін шағын гранттарға жоба ретінде тапсырдым. Суретімді, дастархандарымның барлығын алып барып, көрсеттім. Алайда қазір тігін саласындағы кәсіп көбейіп кеткен. Соған байланысты маған берілмеді. Үш рет тапсырып, берілмеген соң ренішім бар. Қазір көңілім қалды", - деді ол.
Оның айтуынша, бірнеше рет танымал адамдар да тапсырыс берген.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
"Маған танымал адамдар бірнеше рет тапсырыс берді. Соның ішінде Қарақат Қыдырәлі, Жарқынай Ханайым және әкімдердің әйелдері мен танымал блогерлер бар. Олар мені әлеуметтік желіде парақшам арқылы таныған. Бірақ мен оларға жарнама жасап беруді өтінбедім. Себебі өз еңбегіммен көтерілгім келеді", - деді Марал.
Еске салайық, бұған дейін әншілердің отбасылық аспазына айналған Назгүл мамандығының құпиясын бөліскені туралы жарияланған болатын.
Тағы да оқи отырыңыздар: Адам миына қанша ақпарат сыяды?
Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!
А. Жайыққызы