Танымал әнші Мәдина Ералиеваның ұлы әнші мен Болат Назарбаевтың қарым-қатынасы қандай болғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы ол Stan.kz Youtube-арнасына берген сұхбатында бөлісті. Марқұм Мәдина Ералиева биыл 70 жасқа толар еді. Әншінің ұлы апат болғанда көлікте Болат Назарбаев та отырғанын растады.
"Ол кісі телефон соғып, Байқоңырдағы мәйітханада жүріп "да, это правда" деді. Ол мәйітті сараптамаға жібереміз бе деп сұрады. Мен 19 жастағы баламын ғой, "білмеймін" дедім. Сосын тәтем келді, жылап-еңіреп. Мең-зең болып, не істеп, не қойғанымды білмеймін. Үйдің іші азан-қазан болды", - деді өнер иесінің ұлы.
Өнер иесінің ұлы Болат Назарбаев пен анасының қарым-қатынасы қандай болғанын айтты.
"Олар 1996-1997 жылдардан бастап ресми түрде ерлі-зайыпты болып, өмірінің соңына дейін бірге тұрды. Әрине, басында қызғаныш болды. Ол кезде 15 жастағы баламын ғой. Бірақ ол қарапайым, жақсы кісі болған. Анамның таңдауы ғой, мен оған қарсы тұрмадым. Ренжіскен кездер болды. Баласы ретінде анамның басқа адаммен бас қосқанын қабылдай алмай жүрдім. 14-15 жастағы жасөспірім баламын. Есімде қалғанын айтайын. Анам өте ырымшыл адам еді. Мысалы, үйден шықты ма, қайтып келмейтін. Қайтып келсе, айнаға қарайтын. Бір күні шетелге кетіп бара жатыр едік, Болат аға мені де алып кетті. Жолай бір проблемалар шықты, полиция тоқтатты ма есімде жоқ. Мамам "болды, бармаймыз, мынау жолды бөгеп тұр, қазір бірнәрсе болуы мүмкін" деді. Әуежайға жеткенде кеденнен өте алмай қалдық. Сол кезде екеуінің ұрсып қалғаны есімде. Шынымен, сол кезде сол ұшақтың бір қозғалтқышы істен шыққан екен", - деді ол.
Мәдина Ералиева тіпті соңғы сапарына да қатысты бірнәрсе сезген.
"Анамның аяттарды оқып отырғанын көрген емеспін. Көз жұмарына 1 жыл қалғанда аяттар оқитын. Сезіп жүрді деп ойлаймын. Ол сезімтал болатын. Оны ән таңдау талғамынан де байқауға болады", - деді әншінің ұлы.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!