Алматыда "Бірінші болу - батылдық" корпоративтік қоры ұйымдастырған 2025 жылғы жүгіру маусымы ресми түрде аяқталды. Маусымның ақтық жарысы – қала орталығында өткен City Run болды, ал оған 20 елден 2 500 қатысушы жиналды. Бұл жарыс маусымды түйіндеп, рекордтарымен есте қалды және жүгіру шараларына деген қызығушылықтың артқанын айқын көрсетті.
16 қарашада Алматының тарихи орталығында "Бірінші болу - батылдық" қорының City Run атты жарысы өтті. 2 500 алматылық және қала қонақтары креативті костюмдер киіп, мегаполистің көшелерімен жүгіріп, маусымды көңілді түрде аяқтады. Жарысқа 91 жастағы Шучинск қаласының тұрғыны Сәлиха Зигангерова және 88 жастағы алматылық Дуза Мавлютова да қатысты. Мәреге жеткендердің барлығы естелік медаль алды, ал жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталды.

2025 жылғы маусым 40 мыңнан астам қатысушыны біріктірді, оның ішінде 18 мыңға жуық әйел бар – бұл өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға көп. Ең ірі сөрелерде шетелдік жүгірушілер санының рекордтық өсімі байқалды.
Маусымның ең жарқын оқиғаларының бірі – 14-ші Almaty Marathon. Биыл ол 60 елден 16 149 қатысушыны жинады. 1 363 шетелдік жүгіруші қатысып, бұл марафон тарихындағы ең жоғары көрсеткіш болды. Алғаш рет 1 500 адам 42,2 км марафондық қашықтыққа шықты. Жолдағы екі негізгі рекорд жаңартылды: ерлер арасында – 2:19:38, әйелдер арасында – 2:41:24. Сондай-ақ жалпы жасы 425 жылды құраған Kazakhstan MASTERS Team құрамасы Қазақстан рекордтар кітабына ең жасы үлкен эстафеталық команда ретінде енді.

Turkistan Marathon да маусымның маңызды оқиғаларының бірі болды. 2025 жылы ол 3 000-ға жуық қатысушыны жинады, ал оның ішінде 365 шетелдік спортшы бар – бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есеге жуық көп. Жарыста үш рекорд жаңартылды: марафонда ерлер – 2:16:58, әйелдер – 2:40:45, ал 10 км қашықтықта – 30:31 нәтижесін көрсетті. Екі сөре де Түркі елдерінің марафондарын біріктіретін Turkic Alliance of Long Runs (TAN) сериясына кіреді. Abbott World Marathon Majors және SuperHalfs секілді дүниежүзілік серияларға ұқсатып құрылған TAN қатысушыларды өңірдің мәдениетімен және дәстүрімен таныстырады.

Айта кетсек, қордың сөрелері – AIMS халықаралық марафондар және жүгіру жарыстары күнтізбесіне енген Қазақстандағы жалғыз жарыстар. Бұл күнтізбе 115 елдегі 445-тен астам жарысты біріктіреді.
Суреттер: "Бірінші болу - батылдық" корпоративтік қоры
Қордың жүгіру іс-шаралары қаланың мәдени өмірінің маңызды бөлігіне айналды. Олар тұрғындардың белсенділігін арттырып, жергілікті бизнесті қолдайды және Алматы экономикасына айтарлықтай үлес қосады. Зерттеулерге сәйкес, марафон демалысының екі күнінде қатысушылар шамамен 8 миллион теңге жұмсайды, ал серіктес компаниялардың салық төлемдері соңғы төрт жылда үш есеге жуық өсіп, 318,9 млн теңгеден 873,9 млн теңгеге жеткен. Сауалнамаға қатысып, жауап берген өзге қалалық жүгірушілердің 80%-ға жуығы Алматыға қайта келуді жоспарлап отырғанын айтқан.
City Run Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті.
Серіктестік материал
Massaget.kz