- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Рекорд көрсеткіш: Қазақстанда...
Рекорд көрсеткіш: Қазақстанда сәби үйіндегі балалар саны артты
2023 жылы Қазақстанда сәби үйіне қабылданған балалар саны 8,5 пайызға өсті. Бір жыл ішінде бұл мекемелерге 4 жасқа дейінгі 1,3 мыңға жуық бала жіберілген. Бұл кейінгі жылдардағы рекорд көрсеткіш, – деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі finprom.kz-ке сілтеме жасап.
1,3 мың баланың 546-сы ғана жетім немесе ата-анасының қамқорлығынсыз қалған. Көп баланың ата-анасы құқығынан айырылмаған.
Бұл – балаларды 3-4 жасқа дейін немесе асырап алғанға дейін қамқорлыққа алатын сәби үйлері. Балалар шекті жасқа жеткенде басқа мекемелерге – балалар үйлеріне, интернаттарға немесе мамандандырылған емдеу мекемелеріне ауыстырылады. Қабылданған балалар санының өсуіне қарамастан, сәби үйіндегі тәрбиеленушілердің жалпы саны артқан: 2022 жылы 701 бала болса, 2023 жылы 711 бала болды.
Кейнгі жылдары Қазақстанда ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың жалпы саны 11,8 пайызға азайғанымен, 2024 жылы балалар саны 21,4 мыңға жетті, ал 2019 жылы 24,2 мың бала болған еді.
Қазақстанда балалар үйлерін азайту саясаты белсенді жүріп жатыр. Кейінгі 3 жылда балалар үйлерінің саны 21 мекемеге қысқарды. Мемлекеттің басты мақсаты – бала асырап алу жүйесіне толығымен көшіп, балалар үйлерін жабу. Осы мақсатта кәсіби патронат тәрбиешілер институтын енгізу стратегиясы әзірленді. Арнайы дайындықтан өткен мұндай ата-аналарға жалақы мен балаға алимент төленетін болады.
Бұл жүйені реттейтін заң жобасы Мәжілісте бір жылдан астам уақыттан бері қаралып жатыр, бірақ әлі мақұлданған жоқ.
Бұл әдіс табысты халықаралық тәжірибеге негізделген. Көптеген дамыған елде кәсіби патронаттық отбасылар жүйесі бұрыннан жұмыс істеп келеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек