Кейінгі кезде өмірде түрлі қиындыққа кезігіп, мәселенің шешімін таппай жүргендер, дертіне шипа іздегендер регрессолог мамандар көмегіне жиі жүгінетін болған. Мұндай мамандар адамға қалай көмектеседі? Регрессология қандай ілім? Massaget.kz тілшісі регрессология терапиясымен айналысатын мамандармен сұхбаттасты.
Индира Санатқызы бұл ілімінің тамыры реинкарнациядан шығатынын айтады. Реинкарнация - рухтың бір денеден екінші денеге көшуі.
"Регрессология, реинкарнация теориясы бойынша рух мәңгі. Ол рухтар әлемінде болады. Жан рухтан тарайды, яғни оның бөлшектері. Рух бір болса, жан өте көп болуы мүмкін", - дейді регрессолог Индира Санатқызы.
Маман Айдана Сағынғали өзіне жүгінген ақтөбелікте "Қабанбай батырдың рухы" болғанын айтады.
"Ірі денелі ер адам келді. Әскери қызметте екен. Ем арқылы өткен өмірін, көшпенділер дәуірін көрді. Оның рухы Қабанбай батырдың рухы екен. Осыны айтқанда әйелі күліп жіберді. Себебі қатарластары әлгі азаматтың сыртқы тұлғасына қарап "сен өткен өмірде батыр болған шығарсың" деп әзілдейді екен. Терапия кезінде ол адамның өмірге келудегі мақсаты адамдардың рухын көтеру, жақсы энергия беру екенін білдік", - дейді Айдана.
Регрессолог сөзінше, терапия кезінде адам маман көмегімен денесін босатуға мүмкіндік алады. Бірақ есін біліп жатады. Оң жақ миы іске қосылады. "Өткен өміріне түс сияқты саяхат" жасайды.
"Жақында маған бір кісі келді. Бала кезден жемсау (зоб - еск.) ауырады екен. Терапия кезінде екі өмірін көрсеттік. Бірінші өмірінде басына пышақ тығып, буындырып өлтірген. Екіншісінде тамағын жарақаттап, тігіп, қорлықпен өлген екен. Сондықтан санада қорқыныш қалып қойған. Санадан "осы ауруды босата аламыз ба" деп сұрадық. Ол босатты. Адамда жеңілдік пайда бола бастады. Қазір ол кісі ауруынан айықты", - дейді Айдана.
Кәмшат Қопаева
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!