Жаңа Конституцияға байланысты референдум: дауыс беру қорытындысы жарияланды

Орталық референдум комиссиясы республикалық референдумда дауыс беру қорытындысын жариялады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Референдумға қатысуға құқығы бар Қазақстан Республикасы азаматтарының жалпы саны - 12 482 613. Дауыс беруге қатысқан азаматтардың саны - 9 127 192 немесе 73,12 пайызы.

Референдумға шығарылған мәселенің оң шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны - 7 954 667 немесе дауыс беруге қатысқандардың 87,15 пайызы, референдумға шығарылған мәселенің теріс шешімін жақтап дауыс берген азаматтардың саны - 898 099; жарамсыз деп танылған бюллетень саны - 146 558.

"Дауыс беруге референдумға қатысуға құқығы бар азаматтардың жартысынан көбі немесе 73,12 пайызы қатысқандықтан, "Сіз жобасы 2026 жылғы 12 ақпанда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?" деген сұрақ бойынша референдум өтті деп есептелсін. Республикалық референдумға дауыс беру үшiн шығарылған жаңа Конституция қабылданды деп есептелсiн, өйткенi облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың кемінде үштен екiсiнде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы немесе 87,15 пайызы оң шешiм қабылдады", - деп жазылған хабарламада.

Жаңа Конституцияға байланысты референдум

Еске салайық, 2026 жылы 11 ақпанда Конституциялық комиссия Мемлекет басшысына жаңа Конституцияның қорытынды жобасын ұсынды.

Кейін Мемлекет басшысы 2026 жылғы 15 наурызда республикалық референдум өткiзу туралы жарлыққа қол қойды. 

2026 жылы 12 ақпанда жаңа Конституция жобасы жарияланды. Жаңа Конституция референдумда қабылданған жағдайда 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енеді. Бұл туралы жаңа Конституция жобасында айтылған. 

Дауыс беру 15 наурызда сағат 07:00-ден 20:00-ге дейін өтті.

Референдум - азаматтардың ең маңызды мемлекеттік, өңірлік немесе жергілікті мәселелер бойынша тікелей ерік білдіру нысаны (жалпыхалықтық дауыс беру). Референдум арқылы заңдар қабылданады, Конституцияға өзгерістер енгізіледі немесе шешуші саяси мәселелер қаралады. Әдетте референдумда қабылданған шешімдердің күші міндетті болады.

Өзекті жаңалықтарды өз уақытында оқу үшін Facebook парақшамызға жазылыңыз!