Референдумға санаулы күн қалды: Республика бойынша дайындық қалай өтіп жатыр?

Қазақстандағы атом электр станциясы (АЭС) құрылысына қатысты референдум елдегі ең ірі саяси оқиғалардың бірі. Референдумның өтуіне санаулы күндер қалды. Елдегі сайлау учаскелерінде дайындық қызу жүріп жатыр.

Фото Амир Абдулхаимов

Қала көшелеріндегі билбордтар мен аялдамаларда "Әркімнің дауысы маңызды" деген лозунгтар ілініп, Қайрат Нұртас, Нұрлан Имам сынды танымал тұлғалармен халыққа АЭС салудың маңыздылығы туралы үгіт-насихат жұмыстары жалғасын тауып жатыр.

Фото:Astana.tv

Бүгін, 1 қазан Астанада Орталық референдум комиссиясының отырысы өтті. Massaget.kz тілшісі жиынға қатысып, өңірлер мен шетелдік учаскелердегі дайындықтың қалай жүріп жатқанын біліп қайтты. Отырыста 2024 жылғы 6 қазанға тағайындалған республикалық референдумды дайындау және өткізу мәселелері қаралды. Облыстағы Орталық сайлау комиссиясының өкілдері өңірлердегі дайындық жұмыстарының қалай жүргізіліп жатқанына қатысты баяндама жасап, есеп берді.

Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің мәліметінше,  референдумға халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеуді дауыс беру күнінен бес күн бұрын, яғни 30 қыркүйек, жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де аяқтаған.

30 елдің өкілі аккредиттеуден өткен

Референдум комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерманның ақпаратынша, 177 халықаралық байқаушы ресми тіркеуден өтті, олардың 30-ы шет мемлекеттің, оның ішінде 4-еуі ірі халықаралық ұйымның өкілдері. Жалпы алғанда, республикалық референдумды өткізу байқауына 30 шет мемлекеттің өкілдері қатысады.

Халықаралық 200 журналист келеді

"Сыртқы істер министрлігі жанында тұрақты негізде тіркеуден 162 шетелдік журналист аккредиттелген, яғни 38 БАҚ-тан және 14 елден. Сондай-ақ 200 шетелдік журналист референдумға байқаушы ретінде қатысады, – деді сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко.

Әскери қақтығыс аймағында учаске ашылмайды

Қазақстаннан тыс 62 елде 74 сайлау учаскесі құрылды. Тек әскери қимыл жүріп жатқан Ливанда ғана учаске ашылмайды.

"Сыртқы істер министрлігімен кеңес кезінде әріптестерімізден Ливанда бір учаскенің ашылмайтыны туралы ақпарат алдық. Өздеріңіз білетіндей, бұл елде толыққанды әскери қимылдар жүріп жатыр. Ол жердегі жағдай өте қиын және отандық сайлаушыларымыздың өмірі мен денсаулығын тәуекелге тігуге болмайды. Сондықтан қазіргі таңда – 73 учаске және 61 ел" – деді Мұхтар Ерман Орталық сайлау комиссиясындағы брифингте.

Фото:Тұрар Қазанғапов

Айта кетейік, Израиль мен Ливан арасындағы жағдай қазан айының басында одан әрі ушыға түсті. 1 қазанда Израиль әскері Ливанның оңтүстігіне кіру арқылы шағын ауқымды құрлықтық операцияларды бастады. Бұл қадам Израильдің "Хезболла" тобына қарсы күреске бағытталған, олардың Израильге зымыран және артиллериялық шабуылдар жасағаны белгілі болды. Израильдік әскерилер оңтүстік Ливан аумағында ауыр шайқастардың жүріп жатқанын хабарлады.

Фото: Midjourney нейрожелісі 

Референдум қаржысы қайда жұмсалады?

АЭС бойынша референдумға 15,5 млрд теңге бөлінді. Бұл қаржы республикалық референдумды ұйымдастыру мен оны 63 елде орналасқан 78 шетелдік сайлау учаскесінде өткізуге жұмсалады.

Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) мүшесі Сәбила Мұстафинаның айтуынша, жалпы соманың 71 пайызы барлық деңгейдегі комиссия мүшелерінің еңбекақысын төлеуге бағытталған. Бүгінгі таңда республика бойынша Референдум жұмысына 70 мыңнан астам адам жұмылдырылған. Еңбекақы оларды дайындық кезеңінде де, дауыс беру күнінде де тікелей қатысуын қамтиды. Сондай-ақ демалыс күндері мен үстеме жұмыс уақыты үшін төленеді. Еңбекақы төлеу Конституциялық заңның тиісті бабында қарастырылған. Әр адамға бөлінетін қаржының нақты сомасына қатысты сұраққа комиссия мүшелері жауап беруден бас тартты.

84 учаске таңғы алтыдан ашылады

Кейбір сайлау учаскелері Қазақстанда жұмысын бір сағат ерте бастайды. Бұл туралы референдумның Орталық комиссиясында хабарланды. Атап айтқанда, бұл учаскелерде дауыс беру таңғы сағат 7:00-де емес, таңғы 6:00-де басталады.

"Таңғы 6-да дауыс беру тек 84 учаскеде басталады: бұл негізінен әскери бөлімдер, кейбір вахталық ауылдар" – деп түсіндірді комиссия төрағасының орынбасары Константин Петров.

Петровтың айтуынша, бұл учаскелердегі ерекше жұмыс немесе қызмет режиміне байланысты.

"Ұлытау облысында ауысым уақыты таңғы 7-де басталады, сондықтан олар 6 учаскеде дауыс беруді таңғы 6-да бастауға шешім қабылдады. Бұл 84 учаскеде азаматтарға ыңғайлы болу үшін жасалды", – деп түсіндірді Петров.

Еске сала кетсек, 2 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда атом электр станциясының құрылысын салу мәселесі бойынша референдум өткізу туралы Жарлыққа қол қойды.

Референдум биыл 6 қазанда өтеді. Референдум күні автобуспен жүру тегін.  Облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдіктерінің өкілдері ұсынған мәліметтері мен есептеріне сәйкес, жергілікті атқарушы органдар республика бойынша дауыс берушілердің тізіміне 12 миллион 244 мың 683 азаматты енгізді.  Бұған дейін дауыс беретін бюллетень таныстырылды.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!