Бүгін Ақтөбе өңірінің басшысы Асхат Шахаров облыс орталығындағы Ұзақбай Құлымбетов атындағы №64 орта мектепте орналасқан №541 учаскесіне барып, референдумда дауыс берді.
«Бүгінгі референдумға қатысты өз құқығымды пайдалана отырып, дауыс бердім. 18 жасқа толғаннан кейін ең бірінші рет дауыс бергенім есте. Содан бері еліміздегі ешбір саяси науқанды жіберген емеспін. Әрдайым белсенділік көрсету, өз құқын пайдалану, елдегі болып жатқан жағдайларға етене араласу – әр адамның құқығы және борышы», – деп атап өтті облыс әкімі.
Содан соң Асхат Шахаров мектеп ауласында ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін аралап көрді.
Мұндай шара Ақтөбедегі 5 референдум учаскесінде өтуде: Сарыжайлау көшесі, 20 Б; Сәңкібай батыр даңғылы, 145 Б; Тургенев көшесі, 70 А; Тәуелсіздік даңғылы, 4 А және 12 шағынаудан 37/1.
Жәрмеңкеде Ақтөбе қаласы мен Мәртөк ауданының өндірушілері тауарларын ұсынған. Ауыл шаруашылығы өнімдері – көкөністер, жемістер, ет, түрлі нан-тоқаш, Мәртөк балы және т.б. өнімдерін нарықтық бағадан төмен сатып алуға болады.
Айта кетейік, аймақта 569 845 сайлаушы бар. Олар 530 учаскеде дауыс береді. Сайлау учаскелері таңғы сағат 7.00-ден кешкі 20.00-ге дейін жұмыс істейді.
Ақтөбе облысының әкімдігі ұсынған материал
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!