- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Райымбек бабаның басына...
"Райымбек бабаның басына түнеген түнде анам түс көріпті" - Нұрсұлтан Назарбаев
Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев "Менің өмірім. Бодандықтан бостандыққа" атты кітабында ата-анасы туралы баяндап, анасы қандай қызық түс көргенін әңгімелейді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кітапта Нұрсұлтан Назарбаев ата-анасы ұзақ уақыт сәби сүймегені туралы айтады.
"Мен ата-анамның тұңғышымын, зарығып күткен перзентімін. Әке-шешем үйленгеннен кейін біраз жыл бала көрмей жүріп қалған екен. Содан ақыры осы жақтағы ел үшін ерекше әулиелі Райымбек бабаның басына барып, екі күн қатар түнепті, перзент сұрап, тәу етіпті. Біздің бала кезімізде ол бейіт Алматының шетінде үлкен төбе болып көрінетін. Құран Кәрімде тілеу, сұрауды тек Аллаға айту керек дейді. Бірақ біздің салтымызда аруаққа сену де бар ғой. Ал Райымбек бабаның аруағын халық ерекше ардақтайды. Атақты Хангелді батырдың немересі Райымбек - аты ұрпағына ұран болған ұлы тұлға, он сегізінші ғасырдың басында жоңғарларға қарсы күрес қолбасшыларының бірі. Бабаның сол мекенге жерленуінің өз хикаясы бар. Дәмі таусылардың алдында: "Сүйегімді менің түйеме артыңдар. Жануар қай жерге жетіп, әлі құрып шөксе, сол жер менің бейітім болсын" деп өсиет еткен екен. Атан түйе жүргеннен жүріп отырып, дәл ұлы жолдың бойына келгенде шөгіпті. Батырға топырақ бұйырған сол жер киелі орынға айналған. Тілек тілеушілер басына түнеп, мінәжат ететін", - деп жазылған кітапта.
Сондай-ақ, ол анасы қызық түс көргенін, кейін сол түс қабыл болып, өзі дүниеге келгенін жазған.
"Райымбек бабаның басына түнеген түнде анам түс көріпті. Түсінде теңізге түсіп кеткен екенмін дейді. Судан демі тарылмай, кәдімгідей жүре беріпті. Теңіздің түбінде аппақ күмістен жасалған ұзын мылтық жатыр екен. Жаңағы мылтықты мойнына іліп алып, жүзгеннен жүзіп отырып жағаға шығыпты. Таңертең бейіттің шырақшысы түсін жорыпты. Ұл бала табасың, балаң мықты болады, жасы ұзақ болады, осы балаң сенің мақтанышың болады, ел қорғайтын адам болады депті. Мылтыққа байланысты жорығаны ғой. Расында да, арада көп ұзамай, дүниеге мен келіппін. Бұл әңгіме ес білгелі менің құлағымда", - деп жазылған кітапта.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!
Ж. Қадыржанова