"Ұлттық аударма бюросы" қоғамдық қорының атқарушы директоры Рауан Кенжеханұлы президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
"Біз бүгінгі жолдауды асыға күттік. Себебі қазіргі қалыптасқан жағдай мемлекеттен айқын жоспар мен белсенді әрекетті талап етеді. Бүгінгі жолдауда сол жоспар мен әрекеттің нақты бағыттарын естідік. Енді осы бағытта бәріміз жұдырықтай жұмылып жұмыс істеуіміз керек", – дейді Рауан Кенжеханұлы.
Сонымен бірге ол кәсіпкерлікті қолдау кезек күтірмейтін мәселе екенін атап өтті.
"Кәсіпкерлерді субсидия арқылы ынталандыру – өте дұрыс шешім. Салықты қайта қарау мәселесі де көтерілді. Ғимаратты жалға алып отырған шағын және орта бизнес өкілдеріне де жеңілдік қарастыру керегі айтылды. Оны да қолдаймын. Өйткені, пандемия дәл осы салаға салмақ түсірді. Сондай-ақ, жолдауда кәсіпкерлердің жаңа буынын өсіру туралы сөз қозғалды. Бұл біздің нарыққа ауадай қажет. Себебі, кәсіпкерлер ортасы жасармай және жаңа күш келмей бұл саладан өзгеріс күте алмайсың. Жалпы кәсіпкерлікті қолдау – кезек күттірмейтін мәселе", – деп атап өтті ол.
Рауан Кенжеханұлы жолдауда айтылған демографиялық өсімге қатысты да ой қосты.
"Біздің елдегі демографиялық өсімге қайтадан ден қойылды. Президенттің айтқан "Аңсаған сәби" бағдарламасы – өте орынды және игі бастама", – дейді Рауан Кенжеханұлы.