Рамазан айында қайыр сұрағандар қайта көбейді

"Нұрайдың еміне қолдан келгенше көмек беріңізші, ДЦП-мен ауырады. "Шамшырақ" қоғамдық қоры осы қыздың еміне қаржы жинап жатыр", - деді саябақта кездескен бойжеткен. Соңғы кездері қайыр сұрағандар көбейіп барады, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

         Қолына қорап ұстап, дертті баланың емі үшін деп қаржы жинайтын жас жеткіншектер Тараз қаласында көптен көрінбей кеткен. Рамазан айында қайырымдылық көмектен ешкім қашпайды деген ойға келді ме, еріктіміз деген жас жеткіншектер қайтадан қара көрсетіпті.

         Өзін еріктімін деп таныстырған қыз бала "Алланың разылығы үшін қор жинауға тегін көмектесіп жүрмін", дейді.

         Оның айтуынша, "Шамшырақ" қоғамдық қоры Шымкентте ашылып, жұмыс жүргізіп жатқанына біраз болған екен. Таразда филиалы құрылғанына көп бола қоймапты.

         Алла разалығы үшін жасалған әрбір іс пен берілген затты – садақа дейміз. Берілетін садақаның үлкен-кішісі болмайтыны тағы белгілі.

Имамдар "Не берілсе де, ықыласпен Алла разылығы үшін берілуі қажет. "Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін" хадисіне сәйкес берілген садақа мен жасалған жақсылықты жасырын жасау ең абзал амалдың бірі", дейді.

         Әйтсе де, жас жеткіншектердің белгісіз қорлардың басшылары қолына ұстатқан қорапты алып, көше кезіп жүргені жағымсыз көрініс. Пандемияның алдында Тараз қаласында осындай қорап ұстап, көмек сұрағандар көбейіп кеткен. Бейтаныс бүлдіршіннің суреті жапсырылған қораптардың сыртында көрсетілген дерттің диагнозы көбінде ұқсас келеді.

         2018 жылы Таразда «Халықаралық Дүние руханият» қоғамдық қорына қолғабыс етіп жүрген «еріктілер» көбейген. Бұл қор да  Шымкент қаласында қайырымдылық жасау мақсатында құрылған қоғамдық бірлестік болатын.

Сол кезде "Халықаралық Дүние руханият" қоғамдық қорының Тараздағы филиалына барып, өкілдерімен кездескенбіз. Көмек сұраған кезектің ұзын-саны 40-қа жуық, соның 9-ына көмек көрсеттік дескен қор өкілдері.

Көмек сұраған жанға жетсе, жақсы-ақ әрине.

А.Сырымбет

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!