Шымкентте экстремистік ұйым анықталды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Шымкент қаласының прокуратурасына сілтеме жасап.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шымкент қаласы бойынша департаменті қала прокуратурасының үйлестіруімен жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында құрамында 22 тұлғадан тұратын "Хизб-ут-Тахрир" радикал-экстремистік ұйымын анықтады.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында ағымдағы жылдың "Рамазан" айында "ауызашар" өткізу сылтауымен радикалды экстремистік ұйымның жергілікті жақтастарының санын көбейту және үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу үшін діни жиындар өткізгені анықталды.
Тінту барысында Қазақстан Республикасында тыйым салынған 7 діни кітап, діни мазмұндағы 10-нан астам қолжазба және мәтіндік парақшалар, 6 ұялы телефон мен 4 ноутбук тәркіленді.
Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 256-бабынының 1-бөлігімен және ҚР ҚК-нің 259-бабының 1-бөлігімен тергеп-тексеру амалдары басталды.
Осыған байланысты Шымкент қаласының прокуратурасы елдің конституциялық құрылысын бұзу мақсатында радикалды экстремистік ұйымдарға кіруге үгіт-насихат немесе шақыру үшін қылмыстық жауаптылық қарастырылғанын ескертеді.
ҚР ҚПК-нің 201-бабының талаптарына сәйкес басқа ақпарат жариялануға жатпайды.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз