- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Рамазан айында ауыл...
Рамазан айында ауыл жастары екі мұқтаж отбасыға баспана сыйлады
Құрық ауылының жастары екі бірдей мұқтаж отбасын қуантып, баспана кілтін табыс етті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Маңғыстауда бірі үй жалдап, екіншісі аядай лашықта тұрып жатқан екі отбасы баспаналы болды. Оларға ауыл жастары пәтер кілтін табыстады.
Баспаналы болғандардың бірі – жалғыз басты ана Шынар Тәжібаева. Ол жолдасы дүниеден озған соң, 6 баласын жалғыз өзі бағып келеді. Көпбалалы отбасы бұған дейін аядай лашықта тұрып келген. Құрық ауылының жастары жанұяның осы жағдайын ескеріп, оларға 4 бөлмелі пәтер алып берді.
Баспаналы болған екінші отбасы да - көпбалалы жанұя. Жадыра Өтеғалиева 6 баласымен бірге жалдамалы пәтерде тұрып келеді. Тапқан таянғанын соған төлейтін. Ол тосынсыйды естігенде қуаныштан жылап жіберді.
"Қасиетті Рамазан айында жасаған жақсылықтарың өздеріңе мың еселеніп қайтсын. Өзге ауылдың жастары сендерден үлгі алсын деп тілеймін. Қуанышымда шек жоқ. Түс көргендеймін", - дейді Құрық ауылының тұрғыны Шынар Тәжібаева.
Сондай-ақ, жаңа қоныс иелеріне тұрмысқа қажетті техникалар мен қаржылай көрімдік табысталды.
Сая Мәжитқызы
А. Жапатова