Рамазан айы: Семейде автобустар тегін жүріп жатыр

Рамазан айы: Семейде автобустар тегін жүріп жатыр

Абай облысының орталық мешіті семейліктер үшін тегін автобус бағыттарын іске қосты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Семейде қасиетті Рамазан айында Абай Құнанбайұлы атындағы орталық мешіті мен "Зекет және Қайырымдылық" қорының ұйымдастыруымен, қала әкімдігі қолдауымен мерекелік тарауих намазына келген жамағаттарға арналған "Тегін автобус" акциясы басталды.

Енді күн сайын кешке екі автобус "Энергетик" және "Юность" бағыттары бойынша ақшам намазынан кейін адамдарды тасымалдайды.

"Семейліктер осындай мүмкіндіктің жасалғанына ризашылығын білдіріп жатыр. Қайырымдылық мезгілі саналатын қасиетті Рамазан айында игі істеріміз көбейе берсін", - деді орталық мешіт имамы.

Сондай-ақ, имамдар ҚМДБ-ның бастамасымен жергілікті дүкендерде "Ішімдіксіз Рамазан" акциясын өткізіп, қасиетті айда халықты ішімдік сатпауға шақырды.

Кәсіпкерлер бұл бастаманы жылы қабылдап, қажетті қолдау көрсетті.

Еске салайық, былтыр Абай облысы, Көкпекті ауданы, Ажа ауылының тұрғындары ішімдік пен оны сатудан мүлдем бас тартқан болатын.

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!

Massaget.kz