Қасиетті Рамазан айында құрма, жаңғақ қымбаттай ма? Бұл сауалға Сауда және интеграция министрлігінің басшысы Арман Шаққалиев жауап берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Мәжіліс дәлізінде журналистер Шаққалиевтен министрліктің Рамазан айына арналған жеңілдіктер мен акциялар туралы сауда желілерімен келісімі бар-жоғын және ет, құрма, жаңғақ, сүт өнімдері сияқты тауарлардың бағасын сұрады.
"Мұндай кезде сауда желілері акциялар өткізеді, бағаны төмендетеді, түрлі іс-шаралар жасайды. Бұл - ең бастысы. Сауда желілері бұдан ақша табуға ұмтылмайды, керісінше бұл - жақсылық айы. Міне, бұл уақытта олар бағаны төмендетуге бағытталған түрлі акциялар өткізеді", - деп жауап берді Арман Шаққалиев.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шариғат және пәтуа бөлімі Түркі мемлекеттері ұйымына қарасты Мүфтилер алқасы жанындағы Пәтуа кеңесімен ақылдаса келе биыл Рамазан айы басталатын күнді бекітті.
Ортақ пәтуаға сәйкес қасиетті Рамазан айы 1 наурызда басталады.
ҚМДБ мәліметінше, 27 наурызға қараған түн - қасиетті Қадір түні. 30 наурыз - Ораза айт мерекесі.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының төрағалығымен өткен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төралқа мәжілісінде пітір садақа еліміз бойынша екі келі ұнның орташа бағасы негізінде 655 теңге болып бекітілген.
Instagram парақшамызға жазылып, ең қызықты ақпараттарды бірінші болып оқыңыз!