Рахат Тұрлыхановқа қатысты жағдай: сот істі тоқтатты

Алматының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында бұрынғы әнші Рахат Тұрлыхановқа қатысты іс қаралды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Отырыстың басында адвокат сот процесін жабық режимде өткізуді сұрады, алайда сот бұл өтінішті қанағаттандырмады. Қорғаушы тарап істі тоқтатуды сұрап, ерлі-зайыпты татуласқанын және бір-біріне ешқандай шағымы жоқ екенін айтты.

Адвокаттың сөзінше, ешқандай күш қолдану болмаған, ал жанжал отбасылық келіспеушілік салдарынан туындаған.

Сотта Тұрлыхановтың жұбайы күйеуі өзін ұрмағанын және балағаттамағанын мәлімдеді. Оның айтуынша, олардың арасында тек ажырасуға байланысты келіспеушілік болған. Ал Рахат Тұрлыханов жанжал болғанын растағанымен, күш қолданбағанын айтты.

Осыдан кейін прокурор істі тоқтатып, материалдарды қосымша тексеруге жіберуді ұсынды. Судья бұл шешімді қолдады, ӘҚБтК-нің 73-бабы ("Отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қарсы әрекеттер") бойынша іс тоқтатылып, материалдар әрі қарай тексеру үшін Медеу ауданының прокурорына жолданды.

Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желіде танымал әнші Рахат Тұрлыханов жұбайын ұрды деген күдікпен ұсталғаны туралы ақпарат тарады. 

Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!