- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- "Рахат Әлиевтер оған...
"Рахат Әлиевтер оған зиян келтірмек болды". ҰҚК экс-басшысы Назарбаевты қалай құтқарып қалғанын айтты
Генерал-лейтенант, чекист Амангелді Шабдарбаев Нұрсұлтан Назараевтың өмірін екі рет сақтап қалғанын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы экс-шенеунік Abay Live YouTube арнасына берген сұхбатында бөлісті. Оның айтуынша, Рахат Әлиев менің үстіме қарсы ақпарат жинап, Нұрсұлтан Назарбаевқа апарған. Кейін Нұрсұлтан Әбішұлы экс-генералды шақырып, бірқатар сұрақ қойған.
"9 сұрағына жауап беріп тастадым. Ол кісі маған "бұдан былай саған тиіспеймін, саған біреу бірдеңе десе, саған айтып отырамын" деді. Мен де "жарайды, сізді қорғап отырамын" деді. Бір-бірімізге ант бердік. Мен осы күнге дейін антымда берік тұрдым, оны жақтадым. Рахат Әлиевтер билікке келіп, оның денсаулығына зиян келтірмек болды. Мен килікпегенде оны істер еді. Бұл туралы алғаш рет айтып отырмын. Тағы бір оқиға болды. Ол жерде де килігіп, алып қалдым. Ол туралы айтпаймын, ол жеке басына қатысты", - деді Амангелді Шабдарбаев.
Еске салайық, бұған дейін экс-генерал Қаңтар оқиғасы алдында Дариға Назарбаеваның президент болуға дайындалғанын айтты.
"Кәрім Мәсімовпен Қаңтар оқиғасына дейін кездескем. Екеуміз әңгімелескенбіз. Маған көп нәрсе айтып берді. Бір әңгімесінде Қаңтарға дейін бір жыл бұрын Назарбаев Дариғаға "сен боласың" (президент - еск.) деді. Дариға келісті, Мәсімов куәмін деді. Дариға досының бәрін шақырып алған. Назарбаев "мыналардың не істейтінін жазып ал" деп Мәсімовке тапсырма берді. Дариға сол кезде "ертең президент боламын ғой" деп кімнің басын жұлып алатынын, кімге не істейтінін айтқан. Ертесіне жазбаны көрген Назарбаев қызына "мына түріңмен қалай президент боласың?" деп, оны Сенаттан да алып тастады. Қалай ол президент болады? Ертең Путин келеді дейік, Дариға президент болса, ертең қалай кездеседі? Назарбаев сияқты бірге моншаға бара ма?" - деді ол.
Сондай-ақ, ол Рахат Әлиевке қатысты істің қалай қозғалғанын айтты.
"Рахат Әлиев туралы алғаш мен қозғағанмын. Рахат Назарбаевтың баласындай болды. Оған қатты сенетін. Рахаттан бәрі қорқатын, шошитын. Рахат десе бәрі ішкен асын жерге қоятын. Бірақ 2007 жылдары Нұрбанкке қатысты оқиға болды. Құжаттар қолыма түскеннен кейін оның бірнеше банкирдің жоғалуына қатысы болғаны көрінді. Мен Нұрсұлтан Әбішұлына барып "Рахат Әлиевке қатысты іс қозғайықшы" дедім, ол "есің дұрыс па? Енді менің отбасыма тиісейін дедің бе?" деп кабинетінен қуып шықты, екінші рет тағы барғанымда "сенгенім сен болсаң" деп тағы қуып шықты. Кейін маған жыны келіп, "сен туралы көп айтылып жатыр, балаларыма тиісіп жүрсің" деді. 7 мамырда барлық құжатты жинап, 8 мамырда алдына кірдім. "Халық шулап жатыр, іс қозғау керек" дедім. Ол маған "жауап бересің әлі" деді. Сөйтіп жоспарымды айттым. Кейін ол Рахатқа іс қозғау туралы тапсырма берді", - деді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!
С. Бөлек