Радиациялық шаң Мұнайлы ауданы мен Ақтау қаласының 400 мыңға жуық тұрғынын улап жатыр

Маңғыстауда тұрғындар мен табиғат жанашылары «Қошқар ата» радиациялық көлін залалсыздандыру жұмыстарының сапасына күмән келтірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

"Көлді жаңа топырақпен емес, айналасындағы құммен көміп жатыр. Топырақтың өсімдік қабаты алынғаннан кейін, ол жер шаңытады. Ал, радиациялық шаң Мұнайлы ауданы мен Ақтау қаласының 400 мыңға жуық тұрғынын улап жатыр,- дейді Мұнайлы ауданынының тұрғыны Дулат Шәмшадинов.


Қошқар ата радиациялық көлі өте қауіпті. Онда 5 алпауыт зауыттың улы қалдықтары жатыр. Шамамен 4200 гектар жер залалсыздандырылуы тиіс. 2 жылда соның 500 гектардай жерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді.

"Біз құқық орғау органдарына оның ішінде, табиғат қорғау прокуратурасына шағым түсіреміз. Жобада қарастырылған технологиялық процестер орындалып жатыр ма, жоқ па білмейміз. Сондықтан бұған дейін жасалған жұмыстар тексерілуі қажет",- дейді «ЭкоМаңғыстау» ҮЕҰ жетекшісі Кирилл Осин.


Алайда, «Қошқар ата» радиациялық қалдықтар көлін залалсыздандыру жобасының жетекшісі Қуандық Оразғалиев, рекультивация жобаға сай жүргізілгенін айтты. 500 гектар аумақты қалпына келтіру үшін, жақын маңдағы карьерден 1 млн 600 мың текше метр топырақ алынған. Ол 30 см қалыңдықта төселіп, үсті тығыздалған.
«Қошқар ата»радиациялық қалдықтар көлін залалсыздандыру жұмыстары 2021-жылы басталды. Республикалық бюджеттен бөлінген 1 миллиард теңгеге 266 гектер жер рекультивацияланды. Тағы сонша аумақты мердігер компания өз қаражатына жасаған. Бірақ, қазір жұмыс тоқтап тұр. Өйткені, 6 жыл бұрын 15.5 млрд теңгеге бағаланған жобаның құны инфляцияға байланысты құнсызданып, қайта түзетуге жіберілген. Залалсыздандыру жұмыстары жоспар бойынша, биыл жыл соңына дейін аяқталуы тиіс. Бірақ, қазіргі таңда аумақтың тек 12 пайызы игерілді.

Сая Мәжитқызы

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!