Ірі кен орындарында мұнай өндірісі төмендеп кеткен: Қазақстан енді не істемек?

Қазақстанда биылғы тоғыз айда мұнай өндірісі былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда 8,3 пайызға төмендеп кеткен, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Қазіргі ахуал қандай?

Премьер-министрдің орынбасары - ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің сөзінше, мұнай өндірісі азаюы Қазақстан экономикасы өсуін тежейтін факторлардың біріне айналған.

"Биыл экономика бірқатар тежеуші факторға қарамастан дамып келеді. Біріншіден, бұл - мұнай өндірісі төмендеуі және мұнай секторының ЖІӨ өсіміне теріс әсері", - деді ол.

Қаңтар - қыркүйек аралығында Қазақстанда 69,4 миллион тонна мұнай өндірілген, бұл 2025 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 8,3 пайызға аз.

Кен орындарында не болып жатыр?

Энергетика вице-министрі Ерлан Ақбаров еліміздегі ірі кен орындарындағы мәліметті ұсынды. Биылғы тоғыз айдағы өндіріс көрсеткіші мынадай:

  • Теңіз - 26,7 миллион тонна немесе былтырғы көрсеткіштің 88 пайызы (12 пайызға төмендеген);
  • Қашаған - 12,8 миллион тонна немесе 94 пайыз (6 пайызға төмендеген);
  • Қарашығанақ - 7,5 миллион тонна немесе 82 пайыз (18 пайызға төмендеген).

Осылайша, үш ірі кен орнының бәрінде де өндіріс төмендегені байқалып отыр.

Вице-министрдің сөзінше, өндіріс көлемін толықтыру үшін Қашаған мен Теңіздегі жоспарлы жөндеу жұмыстары шегерілген. Сонымен қатар, Энергетика министрлігі ірі жер қойнауын пайдаланушылармен мұнай өндірісін арттыру бойынша келіссөздер жүргізіп жатыр.

Энергетика министрлігінің болжамына сүйенсек, 2026 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда 96 миллион тонна мұнай өндіру жоспарланып отыр.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз