Qazaq Air ұшағы Атырауға шұғыл қонуға мәжбүр болды

Qazaq Air ұшағы Атырауға шұғыл қонуға мәжбүр болды

IQ519 "Ақтөбе-Баку" бағыты бойынша рейсті орындайтын Qazaq Air әуе компаниясының ұшағы Атырау әуежайына жоспардан тыс қонды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әуекомпанияның хабарлауынша, бортта 37 жолаушысы бар әуекемесі 5 ақпанда Астана уақыты бойынша сағат 19:21-де (Атырау уақыты бойынша 18:21-де) қонды.

Жоспардан тыс қонудың себебі – шұғыл медициналық көмекке мұқтаж жолаушы болды.  

"Экипаж дәрігерге дейінгі алғашқы медициналық көмек беріп, жақын маңдағы әуежайға ұшақты қондыру туралы шешім қабылдады. Әуежайға қонғаннан кейін жолаушыны жедел жәрдем көлігі алып кетіп, білікті медициналық көмек беру үшін ауруханаға жатқызды. Ауруханаға жатқызылған әйелмен бірге бортта ұшқан жолаушының айтуынша, медициналық көмек дер кезінде берілген және қазіргі уақытта оның өміріне еш қауіп жоқ", - делінген хабарламада.

Әуе компаниясы экипажы осы рейсте болған кардиолог-дәрігер Гүлшан Мамедоваға көрсеткен көмегі мен кәсібилігі үшін алғыс білдіреді.

Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!

М. Лұқпан