Қазақ қашанда балаларының әр қадамына той жасаған. Шыр етіп дүниеге келгеннен бастап, азамат атанып, шаңырақ көтергенше әр қуанышын тойлап өткен. Сондай дәстүрдің бірі - баланың қаз тұрып, тай-тай баса берген кезі. Алайда қазір заман талабына сай көп жоралғылар өзгеріп жатыр. Massaget.kz тілшісі бұл туралы этнограф, тарих ғылымдарының кандидаты Досымбек Қатранұлымен сұхбаттасты.
Этнограф Досымбек Қатранұлы тұсаукесер рәсімінің ерекшеліктеріне тоқталып, заман талабына сай дәстүрдің өзгерген тұстарына талдау жасады. Оның айтуынша, тұсауды "бай, тоқ болсын" деп малдың тоқ ішегінен өрген немесе "көбейіп, көгере берсін" деп көк шөптен де есіп жасаған.
Тұсау кесу рәсімінің тарихы
Досымбек Қатранұлы өткен ғасырда тұсау кесу рәсімі қалай өткенін айтты.
"1940-50 жылдарға дейін ауылдың жүре алатын ұсақ балаларын, 5 жасқа дейінгі 5-10 баланы жарыстырады да, алғашқы озып келген баланы қарсы алып, оның қолынан ұстап, тұсау кесетін болған. Қазір енді "жолын берсін" деп тек бір адам кеседі", - дейді маман.
Қазіргі тенденцияның бірі - жас балаларға тұсау кестіру. Этнограф балаларға тұсау кесуге болмайтынын жеткізді. Оның айтуынша, бірде Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова тұсаукесер тойына арнайылап шақырылған, алайда ол тойға жиналған жұрт ішінде өзінен көп жасаған, өмір көргендерге жол беріп, тұсауды соларға кестіруін сұраған.
"Жас балаларға тұсау кесуге мүлдем болмайды. Әдетте, тұсауды көп бала тапқан, танымал, көп жасаған адамдарға кестіреді, үлкеннің жолын берсін деп ырымдайды", - дейді ол.
Тұсауды пышақпен кескен дұрыс па, әлде қайшымен бе?
Этнограф "Тұсауы кесілсе болды емес пе, қайшыда тұрған не бар?" деп, тыйымдарға құлақ аса бермейтіндерге пышақпен кесудің маңызын түсіндірді.
"Бұл баланы төмен, жерге қарай басу емес, көкке қарай өсіп-өніп, көбеюіне тілектес болу дегенді меңзейді. Оның бәрі - ереже, тыйым. Ырымнан келіп туындайтын тыйым. Пышақ - ала жіпті кесіп, баланың жолын ашып тұр. Оны көп жағдайда әйел толғатып жатқан кезде жүзін жоғары қаратып есік алдына қояды екен. Баланың, әйелдің жанын алуға келетін зиянкес, қаскөй күш жоғары қараған пышақтың жүзін көргенде үйге кіре алмай, қорқады-мыс дейді. Сол тұрғыдан пышақтың қызметі бөлек ашылады. Одан да басқа мысал көп", - дейді Досымбек Қатранұлы.
Этнографтың айтуынша, тұсауды баланың артынан емес, алдынан пышақтың жүзін төмен қаратып кеседі.
"Баланың артынан емес, алдынан кеседі. Баланың жолын ашады, өмір жолындағы қиындықтарды кесіп жатыр деген сөз. "Бәле-жала жерге енсін" деген ниетпен пышақ жүзін төмен қаратып кескен", - дейді ол.
Баланың аяғын немен тұсайды?
Этнограф баланың аяғын тұсайтын жіптің бірнеше түрі болатынын айтты.
"Баланың аяғын ішекпен, ала жіппен, ал кей жерлерде шөп қосып өреді. Осы үшеуін қосып жіп жасап, баланың аяғын тұсаған. Ішек малды, бай болсын деген ырыммен, майлы болсын деген ниетпен, өйткені ішектің өзі майлы ғой. Ала жіп біреудің ала жібін аттамасын, өмірінде жамандық болмасын деген ниетте, ал үшінші көк шөпті шөптей қаулап өссін, көп болсын дегенді білдіреді", - дейд ол.
Ала жіптің маңызы неде?
Сондай-ақ, этнограф тұсау кесуді ала жіп мәнінің зор екенін айтты.
"Ала жіп, арқан, бау тәрізді дүниелер - қазақ өміріндегі үлкен мәні бар заттар. Мәселен, 12 атаға толып өзара қыз алысуға болатын рулар екі жылқының құйрығына арқан байлап, оларды жан-жаққа қаратып, ұстап тартып тұрып, арқанды түйіп "енді қыз алысуға болады" деген рәсімді жасайтын салт болған. Бұл екі жас бөлек елге, екеуі екі руға айналды деген сөзді білдіреді", - дейді ол.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!