Шымкент қаласының Полиция департаменті екі әйел алған жігіттің ісіне қатысты пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Айта кетейік, редакциямызға Фариза есімді қыз хабарласып, ол екі әйел алған жігіттің әйелі екенін және бар шындықты айтып көмек сұраған болатын. Бірден екі әйел алған жігіттің видеосы наурызда әлеуметтік желілерде тарап, қызу талқыға түскен болатын. Көптеген адам бұл жай хайп деп, сенбеген еді.
Фаризаның сөзінше, ол бүгінде бұрынғы күйеуінің үйден кетіп қалған. Ол бұрынғы күйеуі оның суреттерін парақшасына салмаса екен деген өтінішті ғана айтты. Себебі бұрынғы күйеуі әлеуметтік желідегі парақшасында үшеуі әлі күнге дейін бірге тұратындай фото және видеоларды салады екен. Сонымен қатар, Фариза о баста бұрынғы үшеуінің суретін әлеуметтік желіге салуына қарсы болған екен. Алайда Фариза қарсы болған кезде оны күйеуі ұрып-соғуы басталған.
"Менің мазамды алмаса деймін. Мен ол үйде тұрмасам да бұрынғы фото, видеоларымызды пайдаланып, әлі күнге дейін үшеуіміз бірге бір үйде тұратындай салып жүр. Оның бәрі әлеуметтік желіде оқырман жинау үшін істеп отыр. Мен оған қарсымын, себебі менің өз өмірім, болашақ өмірім бар шығар? Мені көрген адамдар бетіме басқанын қаламаймын. Әлеуметтік желіде салған суретінде менің көзім көгеріп тұр. Себебі мен оның алдында салма деп қарсы болған едім. Осылайша, мені ұрып жіберген. Қазір екінші әйелі де маған хабарласып, мазақтап, күйеуі екеуі бірігіп, әрнәрсе айтады. Осы күнге дейін екі ай бойы ештеңе демедім. Ал қазір шегіне жетті. Жасырын нөмірмен хабарласып, балағат сөздер айтады", - деп қынжылды Фариза.
Ол полицияға бұл жайттарға қатысты арызданған.
"Бұл дерек аудандық полиция басқармасына тіркеуге алынып, жан-жақты тексеру жұмыстары жүргізілді. Істе қылмыс құрамы болмауына байланысты қорғау нұсқамасын шығару үшін жергілікті полиция бөліміне жолданды. Қазіргі таңда күдіктінің бұрынғы отбасылық суреттерін әлеуметтік желілерге салғаны бойынша тексеру жұмыстары жалғасып жатыр", - делінген Шымкент қаласы Полиция департаментінің Massaget.kz тілшісіне берген ресми жауабында.
Еске салайық, Фаризаның оқиғасын мына сілтеме арқылы толық оқи аласыз.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!