Ақтөбе қаласы Заречный-2 ауданының тұрғындары көшеге шығуға қорқып отыр, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Заречный-2 ауданының тұрғындары көшеге шығудың мұң екенін айтады. Себебі қаңғыбас иттер топ болып өріп жүреді. Тіпті тұрғынның бірі таланып қалса, енді бірі баласын бұралқы иттің аузынан әрең ажыратып алыпты. Қолдарына таяқ ұстап жүрмесе көшеде еркін жүру мүмкін емес. Осы жерде №46 мектеп орналасқан. Халық баласын мектепке жібере алмайды.
Бұл мәселені айтқан тұрғындардың бармаған жері қалмапты. Бірақ ешқандай нәтиже жоқ. Зейнеткер Мәдина Жылгелдиеваның осы ауданға көшіп келгеніне үш жыл болған. Содан бері қорқынышпен өмір сүріп келе жатыр. Күні кеше зейнеткерге бір топ бұралқы ит шабуыл жасап, қолындағы таяқпен әрең құтылыпты.
"Үй мен мектептің арасы - бес минуттық жер. Соған немерелерімді апару мұң болып отыр. Иттер шабуыл жасап жүргізбейді. Қолымызға таяқ ұстап жүреміз. Тіпті таяқтың басына пышақ байлап жүретіндер бар. Полицияға, әкімдікке - бәріне айттық. Ешқандай нәтиже жоқ. Адамның өмірі емес, иттің өмірі қымбат болып тұр. Есік алдында ойнап жүрген немереме қаңғы ит атылып, әйтеуір аман алып қалдым. Күнде көретін күніміз осы", - дейді Мәдина Жылгелдиева.
Бұл пікірді тұрғын Лаура Исатаева да құптады. Келіншектің екі баласы мектепке барады. Бір түске дейін, екіншісі түстен кейін оқиды. Алайда балаларын өздігінен мектепке жібере алмайды.
"Қолымызға таяқ ұстап өзіміз әкелеміз. Келгенше итпен арпалысамыз. Үш-төрт жылдан бері көрген күніміз - осы. Баланы тіпті есік алдына ойнауға жібере алмаймыз. Мектеп қасындағы сайға балалар ойнайтын алаң салып қойыпты. Ол жер - нағыз иттің отаны. Ол жаққа бала бармайды. Егер сол жерде біреуді ит таласа құтқару мүмкін емес. Аяғым ауыр кезде иттен қашам деп талай рет құладым", - дейді Лаура.
Ал ауыл қарты Елеусін Ордабаев халық өздігінен итті ата алмайтынын айтады.
"Ит - баланың жауы. Бала жүгірсе қуа жөнеледі. Сосын талап тастайды. Бізге бала керек пе? Ит керек пе? Ит керек десе баламызды қамап отырайық. Бала үйде отыра ма? Далаға шығып, ойнағысы келеді. Қимылдап, жүгірмеген баланың денсаулығы дұрыс болмайды. Ал сыртқа шығарайық десек, қаптаған ит. Итті Құдайдан артық көріп отыр. Халық адам жалдап атқыза алмайды. Олай жасаса атқан адамды жазалайды. Амалымыз жоқ, осылай қорқып отырмыз", - дейді ашынған ақсақал.
Қария итті аулаудың ешқандай пайдасы жоқ екенін айтады. Себебі "аулап жатырмыз" деген жауап алады екен. Бірақ одан азайған ит жоқ көрінеді.
Ауыл тұрғындары бұралқы иттерден әбден жәбір көрген. Олар бір күні балалардың біріне ауыр зақым келтіре ме деп қауіптенеді. Былтыр бір оқушыны ит талап өлтіргеннен кейін қорқыныштары тіпті күшейген. Қаңғыбас иттер өлекселерге дейін жейді. Тұрғындар олардан түрлі инфекция тарауы мүмкін екенін айтады. Мектептің де айналасы толған ит көрінеді. Үлкендерге ілесіп мектепке еріп келген иттен де балалар қорқады. №46 мектеп директоры Нұрлан Бамурзин де білім ордасының айналасында иттер жүретінін жасырмады.
"Иттер оқушыға да, ата-анаға да еріп келетін жағдайлар бар. Ата-аналарға мектепке әкелмеу керек екенін ескертіп отырамыз. Айналада ит көбейсе, әлсін-әлсін ветеринария станциясына хабарласып тұрамыз. Бүгін де хабарластық. 11 итті алып кетті", - дейді мектеп директоры.
Бұл мәселе бойынша облыстық ветеринария басқармасының басшысы Құсайын Сәрсенбайға хабарластық. Оның айтуынша, жыл басынан бері түскен арыз бойынша 700-дей ит ауланған.
"Иттердің көпшілігін сырға салып, залаласыздандырып жібереміз. Көк сырғасы болса, ол - залаласыздандырылған иттер. Олар "Таңба" деген бағдарламаға еніп тұр. Қазір 330 итке сырға, чип салынды. Оның 260-ы қайта жіберілді. Ит адамның, жануардың өміріне қауіп төндіретін болса ғана өлтіре аламыз. Себебі барлығы тексеріледі. Босатып жібірген иттердің адамға шабуыл жасағаны туралы арыз түскен жоқ. Егер тұрғындар арызданса жансыздандырамыз", - деді басқарма басшысы.
Оның айтуынша, иттерді арнайы қамайтын орынға апарады. Ол жерде де барлығына бірдей залалсыздандыру жүргізілмейді. Оның ішінде адамға қауіпті дегендері ғана стерилденеді.
Басқарма басшысы Заречный-2 ауданы бойынша бүгін тоғыз ит ауланғанын айтты. Мамандар түскен арыз бойынша ит аулау жұмыстарын жалғастыра бермек.
Кәмшат Сексенбай
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!