Еліміздің екінші ракеткасы Юлия Путинцева Торонтодағы WTA 1000 турниріне қатыспайтын болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Бұл туралы Қазақстан теннис федерациясы растады.
"Бірнеше ақпарат көздерінде тараған жалған ақпаратқа байланысты федерация Путинцеваның Торонтодағы турнирге қатыспайтынын ресми түрде растайды. WTA талаптарына сәйкес, барлық жетекші теннисшілер осы деңгейдегі турнирлерге олардың басталуынан бірнеше ай бұрын автоматты түрде тіркеледі. Юлия бұрын алған жарақатына байланысты Торонтода ойнай алмайды. Оның командасы ұйымдастырушыларға турнирден шығу туралы ресми өтініш жолдады, алайда турнир жүйесіндегі ақпарат біраз уақыттан кейін ғана жаңартылады", - делінген хабарламада.
Қазақстан теннис федерациясы сауалдарға әрқашан ашық екенін атап өтіп, БАҚ өкілдерін жалған деректерді пайдаланбауға және сұрақтарға ресми жауаптарды алу үшін ҚТФ-ға хабарласуға шақырды.
Еске салайық, бұған дейін Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина дәл осы турнирге тіркелгенімен, оған қатыспайтынын хабарлаған едік.
Қазақстан теннис федерациясы теннисші толық қалпына келмегенін, сол себепті жарысқа қатыспайтынын мәлімдеді.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!