Ресей Федерациясы президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков Ақтау маңындағы ұшақ апатын тергеу туралы есепке пікір білдірді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Брифинг барысында Песков Ресейдегі тиісті ведомстволар Қазақстанның Көлік министрлігінің тергеу туралы алдын ала есебін мұқият зерттейтінін мәлімдеді.
"Бұл - алдын ала есеп. Әрине, біздің тиісті ведомстволарымыз оны мұқият зерттейді. Президент әкімшілігінен бұл тақырыпқа пікір білдіру мүмкін емес деп санаймыз", - деді ол.
Ал Росавиация Ақтау маңында құлаған Azal ұшағындағы бөгде заттарды анықтау мүмкін болмағанын мәлімдеді. Ведомство мәліметінше, Қазақстанның Көлік министрлігінің есебі экипаждың өзі қону үшін Ақтау әуе айлағын таңдағанын және Махачкала мен Минводқа қону туралы ұсынысты пайдаланбағанын растаған.
Айта кетейік, 2025 жылы 4 ақпанда Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты тергеудің алдын ала нәтижелері жарияланды.
Есепті біздің Telegram арнадан оқи аласыз:
Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?
Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуе компаниясына тиесілі Embraer 190 ұшағы. Ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.
Кейінірек Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ жанып жатқан.
Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ал әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарады.
Кейінірек ТЖМ оқиға орнындағы өрт сөндірілгенін хабарлады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұшақ апаты болған жерге барды.
Көлік министрлігі ұшақ бортында болған адамдар жөнінде алдын ала мынадай ақпарат жариялады: бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұшақ апатына қатысты комиссия құрылды. Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.
Көліктегі полиция департаменті төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.
Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың видеосы тарады.
Ал Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады. Аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі - бала.
Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, мемлекеттік комиссия тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына көмек көрсететінін мәлімдеді.
Қызықты жаңалықтар мен видеоларды көру үшін TikTok арнамызға жазылыңыз!
Ж. Қадыржанова