"Путинді патша етіп қойған". Қазақ суретшісінің туындысын Ресей агрессиясын қолдайтындар пайдаланған

"Путинді патша етіп қойған". Қазақ суретшісінің туындысын Ресей агрессиясын қолдайтындар пайдаланған
Фото: aikyn.kz

Аңсаған Мұстафа – бала кезден суретші болуды армандаған. Сол жолда білімін жетілдірген, көркем сурет мектебі мен колледжінде оқыған. Темірбек Жүргенеов атындағы өнер академиясында "графикалық дизайнер" мамандығын тәмамдаған. Бүгінде танымал суретші. Қазақстанда 40 шақты, әлемнің бірнеше елінде, атап айтар болсақ: Америка, Италия, Корея, Франция және Түркия елдерінде көрмесін өткізіп, көрермен ықыласына бөленген. 

Жақында суретші facebook парақшасында Ресей агрессиясында қолдайтындар суретін теріс мақсатта пайдаланғанын жазды. Мassaget.kz порталының тілшісі Аңсаған Мұстафамен өмірі, шығармашылығы жайында сөйлесіп, суретін кімдер қолданғанын сұрап, білді. 

 

Мен қалай футболка кәсібіне келдім?

Жолдасыммен оқып жүріп таныстым. Ол журналист болатын. Арманы көлік саласындағы газет ашу еді. Сондықтан "жаңа қала, жаңа мүмкіндік" деп елордаға келдік. Осы жерде оған газет шығаруға көмектесіп жүрдім. Декретте отырғанда компьютерін алып келетін. Газеттің дизайнын жасап беретінмін. Сөйтіп бірге "Колеса Астаны" газетін шығардық, жақсы дамыды. 7-8 жыл бұрын қоғам арасына интернет тарағасын, адамдар жарнамасын ғаламторға бере бастады. Сосын газетті жаптық. Жұбайым көліктің бөлшеткерін сататын дүкен ашты, мен ұлттық нақыштағы футболкалар жасауға кірістім. Міне, қазір 8 жылдан асты. Бұл кәдімгідей бизнес болып кетті. Басында мұндай болады деп ешкім ойлаған жоқ. "Қазақ хандығына 550 жыл толады" дегенді ести сала, айтулы шара жазда өтетін болғасын әлеуметтік желіге:  "Адамдар жеңіл нәрсе киіп жүреді ғой, сол киімдер ұлттық нақышта болса екен, ұлттық нақышта бірдеңе істейін, бәрі шығарып алып кие берсін" деп ұсыныс жазып, қалжың-шыны аралас: "Осы пост 550 лүпіл жинаса , жазға дейін 55 түрін жасап берем" дедім. Лезде мыңнан асып кетті. Адамдар өздерінің арманын жаза бастады.

Бұл кәсіп түрі біздің елде игерілмеген екен

Сөйтсем ол бос нарық екен. Бұндай жасайтын ешкім жоқ, қазақтарға керек екен. Әркім өзінің арманын, идеясын айтып, маған кәдімгідей бизнес жоспарын жасап берді. "Жастарға ұнайтын болсын, батырларымызды қамтып шық. Айтулы, жазушы тұлғаларымызды, билерді, жер-су аттарына теңдей бөл, біржақты болып кетпесін, Абайдың сөздеріне бірдеңе жаса" деп нешетүрлі ұсыныс жазып бергенде, мен тек  жоспар құрып, жасай салуым ғана қалды. Сөйтіп, кірісіп кеттім. Күз мезгілі еді, жазға дейін 55 түрлі дизайн жасадым.  Әлеуметтік желіге шығара бастадым. Айдос Сарымнан ұсыныс түсті. Ол кезде Айдос Абай сайтында жұмыс істейтін. "Біздің сайтқа жариялайық, қаралым көбірек болады" деген ұсыныс айтты. Жақсы сапамен оларға салып жібердім. Сайтқа да шықты. Содан тапсырыс берген адамдарға: "менде компания жоқтығын айтып, өзіңіз кез келген жерден шығара беріңіз" десем, адамдар: "ауылдан хабарласып тұрмыз, бізде ешқандай да фирма жоқ. Міне, ақша. Бізге осындай өлшемде жасап бер" дейтін. Бір-екеуінен бас тарттым. Бірақ тапсырыс көбейе берді. Болмағасын барлық тапсырыстарды жинап, бір жерден шығарып, салып жіберіп жүрдім. Ақырындап тапсырыс көбейіп, үлгермейтін болдым. Жарты күнім клиенттеріммен сөйлесуге, жарты күнім футболкалар сатып алып, оларды Қазпоштадан салып жіберуге кететін. Оны алған адамдар суретке түсіріп, мені белгілеп, әлеуметтік желілерге сала бастады.

Футболкаға сурет басып, шығаруды италян досым үйретті

Соның бәрін Benedetto Speranza деген досым әлеуметтік желіден қарап отырыпты. Оның Италиядағы, Сиракуза қаласында осындай фирмасы бар екен. Оны білмеппін. 2010 жылдары "Мамам мені өлтіретін шығар" суреті шыққанда, жекеме жазып, алғысын білдіріп: "Мына суретті көрдім, мағынасын түсіндім" екеуміз дос болайық" деп жазған екен. Футболкалар шығара бастағанда, екінші рет жазыпты. "Италянша түсінесің бе?" дейді. Мен "жоқ" деймін. Ол қазақша білмейтінін айтады. Сосын "ым тілін" түсінесің бе?" деп сұрады. "Түсінемін" дедім. Кешке видеоқыңыраумен сөйлесетін болып келістік.

Ол хабарласпас бұрын әбден дайындалыпты. Фирмасындағы бөлмесіне қазақша сөздерді жабыстырып, безендіріпті. Сосын барлығын маған көрсетті. Футболканың бетіне сурет басылып, шығу процесін түсіндірді. Түсінгенім оны жасау қиын нәрсе емес екен. Жолдасыммен осы мәселеде сөйлестім. "Осы құрылғыларды сатып әпер, қызығушылық барда адамдарға сатайын. Ертең тоқтап жатса, құрылғыларды сатып жібереміз. ештеңеміз кетпейді" дедім. Ол келісіп, сатып алып берді. Сосын оған жұмыс істейтін адамдар керек болды. Телефонға тыныштық жоқ. Біреуге Абайдың сөздері керек, біреу қасқырдың бейнесі керек дегендей. Ұсыныс өте көп, тапсырыс келіп жатыр. Бір дүр ете түскен бизнес түрі болды.

Әлеуметтік тақырыптағы мәселелерді сурет тілінде көтеруге "Ақ босаға" газетінің редакциясында өскенім себеп

Әлеуметтік тақырыптағы мәселелерді сурет тілінде көтеруге не себеп болды? Осындай суреттерді  бесала беретінім "Ақ босаға" газетінің редакциясында өскенім себеп болған шығар. Өйткені 1991 жылы мен 11 жаста мамам газет ашты. Сол жерде әлеуметтік тақырыптар өте көп қозғалды. Әкем жазушы, анам журналист қой. Бір күні үйге келсек бүкіл заттар шашылып жатыр. Бірақ диктафон, кассеталардан басқа ештеңе ұрланбаған. Оның ішінде сұхбаттар болатын. Кішкентай баламын ғой, үйге кіруге қорқып қалдым. Сабақтан кейін тура мамамның жұмыс орнына баратынмын. Құлағым қалқайып отырамын, журналистер не істеп жатқанын қараймын. Бәріне қызығамын. Тыныш отыру үшін қағаз бен қалам беріп қояды. Сурет салып жүріп, редакцияның өміріне араласа бастадым. Кейіпкерлерді суретке түсіру үшін журналистерге еріп баратынмын. Алматыдағы ең алғашқы санды фотоаппарат бізде болған сияқты. Келгесін суреттерден коллаж жасап, редакциядағы бүкіл әңгіме құлағыма құйылып өстім. 

Редакциямызға 3 жастағы қызын тастап кеткен

Бәрі неге осы бағытта сурет салатынымды сұрайды. 12 жасымда редакцияда отырған кезде бір әйел келді. Жанында 3 жастағы қыз бар екен.  "Осы Алматыда бір туыстарым бар еді, қазір күн суық. Туыстарымды тауып келейін, нақты мекен жайын білмей тұрмын. Оған дейін мына бала осы жерде отыра тұрсын" деп кетті. Бала қалды. Түс ауды, кеш болды, түнде баланы алып үйге кеттік. Есікке: "бала біздің үйде" деп мекен жайымызды жаздық.  Күнде ойнатамыз, тамағын беріп, бағып-қағып жүрміз. Кішкентай бала. Жылап қала береді. Үшінші күн дегенде тастап кеткенін түсіндік. Мамам журналист қой. Ол әйелді мәйітханадан да, емханадан да іздеді. Еш жерде жоқ. Сөйтіп сәбиді полиция шақырып, балалар үйіне өткіздік. Кейіннен де ешкім іздеп келмеді.

Ол кезде үйіміз де кішкентай, ақшамыз да аз болатын

Өзіміз асырап алғымыз келді. Ойыншық апарып бердік. Алдымен барғанда жүгіріп келіп құшақтап, кейін жай ғана келіп құшақтап кететін болды. Сосын бір барғанда қарамай кетіп қалды. Құжат жасап жатқанда қиындық туындады. Бала асырап алу үшін үйдің шаршы метрі үлкен болу керек, ақша көп болу қажет екен. Ол кезде үйіміз де кішкентай, ақшамыз да аз болатын. Қазір сізге айтып отырып та, сол баланың жанары есіме түсіп, көз алдыма келіп отыр. Адамдар арасына түсіп қалған кішкентай бөлтірік, кішкене жабайылау, ешкімге сенбейтін болатын. Сол образ елестеп отыр.

Қазіргі суреттерімнің әлеуметтік тақырыпты қозғауы мамамның сол кездегі газетінің жалғасы

Ол кезде қазіргідей психолог маман жоқ. Бар болса да қолжетімді емес. Сондықтан көптеген адам біздің редакцияға хабарласатын. Барлық мұңы мен мәселесін бізге айтатын. Кейде журналистер бос емес кезде телефонды мен көтеретінмін. Бізде қойын дәптерде барлық арнайы қызмет түрлерінің нөмірлері болатын. Соларға бағыттап жіберем. Түсінбей жатсам, үлкендерді шақыратын едім. Қысқаша айтқанда, қазіргі суреттерімнің әлеуметтік тақырыпты қозғауы мамамның сол кездегі газетінің жалғасы деп ойлаймын.

Өз елімде 30-40 көрмем өтсе де суретшілер одағынан ешкім келмеді

Жақында көптен күткен көрмем Түркияда ашылды. Керемет өткен сияқты Ұйымдастырушысы Safa Büte мырза.  Оған Англиядан арнайы Paulo Duarte Filipe досым келді. Алдағы уақытта 21 шілдеде Аргентинаның Буенос Айресінде, Италияда көрмелерге жұмыстарым қатысқалы жатыр. Корея, Иран Суретшілер Одағының мүшесімін.

Жалпы ешқайда мүше болам деген ой болмаған. Өз бетіммен әлемдегі көрмелерге қатысып жатырмын. Еліміздің барлық өңірінде көрмем өтті. Жақында Повлодарда өтеді. Шетелде 40-шақты елде қойылды. Кореядағы Суретшілер Одағына мүше болу себебім, былтыр наурызда көрмеге шақырды. Жолымды төлеп берді. Бірақ бұл елге кіру үшін Pfizer  вакцинасы болу керек екен. Бұл жақтан таба алмай, жан жақа хабарласып. Минстрлік "тек екі қабат немесе шал-кемпір болсаң ғана сала аламыз" деген әңгіме айтты. Бара алмай қалдым. Бір кісілер "Бішкектен барып салдырып ал" деп ұсыныс айтты, бірақ оған ашуланып, намыстанып бармадым. Дегенмен суретім барды, көрмеде суретшілер одағының өкілдері тексеріп жүреді екен. Ұнаған суреттердің авторларын мүше етіп алады. Олар маған хабарласты, суретімді ұнатыпты. Ұсыныс айтып, мүше етті. Соның арқасында Париждегі екі көрмеге қатыстым. Бір жылдан кейін Иран Суретшілер Одағына қабылдандым. Өз елімде 30-40 көрмем өтсе де Суретшілер Одағынан ешкім келген жоқ. Ешқандай да ұсыныс айтқан жоқ.

Суретімді Ресей агрессиясын қолдайтындар пайдаланған

Былтыр мамыр айында ғаламтордан өз суретім кездесіп қалды. Әрі қарай өтіп қарадым. Негізі ондайлар өте көп. Көбіне өтіп кететін едім. Себебі соттасып жатуа уақыт жоқ. Ал мына суреттер сайты таза пропаганда екен. Заңгерлерге хабарлассам, олар: "Сен оларға тыйым сала алмайсың. Әркімнің не шығарса да құқығы бар. Үкімет қана тоқтата алады. Тек өз авторлық құқығың бұзғылғаны бойынша сотқа бере аласың" деген сыңайда кеңес айтты. Сонымен сотқа бардым. Алдымен олар: "интернетте жүрген сурет болғасын алдық" деді. Келесі сотқа келгенде "мұның авторы Теміртау қаласында" деді. Сосын онымен видеоқыңыраумен сөйлестік. Орыс екен. Мені көріп 180 градусқа өзгерді. "Мен сізді білемін, суретшісіз ғой. Мен бұл суретті салған жоқпын. "Футболкаға басып бер" деген тапсырысты орындадым" деп айтты. Келесі сотта "авторын таптық, Ресейдің сайтынан сатып алдық" деді. Кейін сот "Чек, анау-мынау көрсет" деп сұрағанда ештеңе болмай шықты. Одан кейінгі сотта тағы да "авторын таптым, Алматыдағы Жетісу әкімдігінде жұмыс істейтін адам" деді. "Сотқа шақырайық" дегенде "оның сотқа барып жүретін уақыты жоқ. Іскер адам. Әкімшілікті сотқа берсең ғана келеді" дейді.

Сотты жеңдік, бірақ көңілімде дық қалды

Қысқаша айтқанда, мен суретімнің түпнұсқасын алып бардым. Сайтқа, әлеуметтік желіге шыққандары бар еді. Сотты жеңдік. Бірақ көңілімде "неге ол менің жерімде, суымызды ішіп құдығымызға түкіріп отыр. Сепаратистік көзқарастағы нәрселер жасайды. Менің істеп жатқан нәрсеме 100 пайыз қарама қарсы нәрсе істейді? Жалпы бізде мұны реттейтін  орталық бар ма?" деген дық қалды. Бұл біздің ішкі саясаттың бостығы, солар бәрін бақылау керек. Мысалы, мына сайт әлемге қарсы теріс мәндегі сайт. АҚШ-қа тиіседі, "Донбас наш" дейді, Путинді патша етіп қойған. Менің елімде жастардың миын бұлай улауға ешкімнің құқығы жоқ деп ойлаймын. Қорғаушылар сот біткенше шу шығарма деген болатын. Әйтпесе сот созылып кетеді екен. Шыдап бір жыл жүрдік. Жеңдік. Идологиямызға қарсы нәрсе біздің елде болмауы керек деп есептеймін. Бірақ Ресей саясатын насихаттайтын сайтты "тәрбиелеуге" көмектескен жігіттерге көп рақмет! Жақында Ресей агрессиясын насихаттайтын киімдерді сайттан алғызып тастапты.

Негізгі идеяны журналистер мақаласынан аламын

Негізі иедяларды журналистердің мақалаларынан аламын. Өзіммен жарысқым келеді. Бұрынғы идеямнан да асып түсетін сурет салғым келеді. Парижде көрме өткізсем, Эйфел мұнарысының астында суреттерім көпшілікке ұсынылса деймін. Құласаң нардан құла дегендей сондай армандарым бар. Тағы бір арманым футболканы бастағанда Барак Обамаға кигіземін деген  болатынмын. Бірақ оған жетпесек те, Талғар қаласының бүкіл тұрғынына жететіндей футболка шығарып, саттық.  Адамдар осында өзіне жоспар құрып, бір межені белгілеп соған қарай жүруі керек. Ондай мақсат-жоспары болмаса даму болмайды. Елдер суретші деп жатыр ғой. Бірақ уақыт өткен сайын бірдеңе үйреніп, өз суреттерім өзіме ұнамай бара жатыр.

Т. Раушанұлы