Украина президенті Владимир Зеленский Кремль жаңа дрон ұшыру арқылы Еуропаның әуе қорғанысын тексеріп жатқанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі Тheguardian.com-ға сілтеме жасап.
Киевте сөйлеген сөзінде Украина президенті Владимир Зеленский Ресейдің үлкен соғысқа дайындалып жатқанын айтты.
"Путин Украинадағы соғысын аяқтамай, басқа бағыт ашпақ. Қайда екенін ешкім білмейді. Бірақ қалауы сол", – деді ол.
Зеленскийдің айтуынша, Кремль әдейі Еуропаның әуе кеңістігін қорғау қабілетін тексеріп отыр. Кейінгі күндері Дания, Польша және Румынияда ресейлік дрондар байқалды, сондай-ақ Ресей ұшақтары Эстония әуе кеңістігін бұзған. Жұма түні дрондар Даниядағы әскери база үстінде, ал сенбіде Норвегиядағы база үстінде көрінген.
Ол ЕО елдерінің бұл жаңа әрі қауіпті қатерге төтеп беруде қиналып жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, осы айдың басында Украина Польшаға қарай ұшқан 92 дронды байқаған. Көбін жолда атып түсіргенімен, 19-ы Польша аумағына жеткен. Поляктар төртеуін ғана құлата алған.
"Біздің күшімізді салыстырып отырған жоқпын. Біз соғыстамыз, олар емес", – деді Зеленский.
Ол сондай-ақ бірнеше елдің өкілдері Украинаға келіп, ресейлік әуе шабуылдарына қалай қарсы тұруды үйренетінін айтты.
"Біз тәжірибемізді бөлісуге дайынбыз", – деді президент.
Бұл сөздер Зеленскийдің БҰҰ жиынында Трамппен өткен келіссөзінен кейін айтылды. Кездесуден соң АҚШ президенті Украина Еуропа мен НАТО қолдауымен 2022 жылдан бері жоғалтқан барлық жерін қайтарып алуы мүмкін деп мәлімдеді.
Кейінгі айларда Киев өз өндірісіндегі алыс қашыққа ұшатын дрондармен Ресейдің мұнай зауыттарына бірқатар сәтті соққы жасады. Зеленский егер биыл қыста Кремль Украина энергия инфрақұрылымын қайта қиратуға тырысса, Ресей астанасы Мәскеудің өзі де жарықсыз қалатынын ескертті.
Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз
С. Бөлек