Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин келіссөзді ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғастырды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Президенттің пікірінше, мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық айрықша назар аударуға лайық.
"Жуырда Астанада қала тұрғындары мен қонақтары ерекше ықыласпен қабылдаған Қазақстандағы Ресей күндері өтті. Маңызды уақиғалар қатарында былтыр елордада "Қазақстан мен Ресей мәңгі достығы аллеясы" және Мәскеуде Қазақстан мен Ресей достығы скверінің ашылуын айтуға болады. Астанада өтетін үшінші "Болашақ ойындары" гуманитарлық байланыстар, ең алдымен, елдеріміздің жастары арасындағы ынтымақтастық беки түсуіне ықпал етеді. Қазақстандағы "Сириус" жобасын ерекше атап өткім келеді. Мұны қолдаймын, болашақ мамандарды даярлау үшін пайдасы зор деп санаймын", – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Ресейдің көпжақты алаңдар аясындағы ықпалдастығына мән берді.
"Екі ел "Орталық Азия – Ресей" форматында жемісті жұмыс атқарып жатқанына айрықша тоқталғым келеді. Бұл форматты бүкіл әлем Орталық Азияға назарын тігіп отырған уақытта күшейте түсуіміз қажет деп ойлаймын. Сапар қарсаңында жарияланған мақалаңыз үшін сізге ризашылығымды білдіремін. Өте қызық әрі мазмұнды мақала біздің қоғам тарапынан оң бағаға ие болды. Біз елдеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қатынастарды нығайту бағытында әрі қарай жұмыс атқара береміз", – деді Президент.
Владимир Путин тең құқылы және өзара құрметке негізделген Ресей мен Қазақстанның қарым-қатынасы қарқынды дамып келе жатқанын жеткізді.
"Былтыр Мәскеуге мемлекеттік сапарыңыз барысында жасаған бірлескен мәлімдемеде байланыстарымыз жан-жақты стратегиялық серіктестік және одақтастық деңгейіне көтерілгенін атап өттік. Бұл шын мәнінде солай. Біз барлық бағытта жұмыс жүргізіп жатырмыз. Ресей және Қазақстан халықтары арасындағы достық пен тату көршіліктің жеті негізі жайында маңызды бірлескен мәлімдеме қабылдаймыз. Сонымен қатар, көптеген үкіметаралық, ведомствоаралық және коммерциялық келісім дайындалды. Бұл құжаттар экономика мен энергетикадан бастап, мәдени-гуманитарлық қатынастарға дейінгі ынтымақтастықтың барлық саласын қамтиды. Мұның бәрі өзара ықпалдастығымыздың іргесін нығайтуға септігін тигізетініне сенімдімін. 70 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұл ауқымды жұмыстың бастауы ғана. Өзара ынтымақтастығымыздың жақсы нәтижеге қол жеткізетін перспективті бағыттары байқалады", – деді Ресей президенті.
Бұдан бөлек, кездесуде өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту және өндіріс, энергетика, көлік-логистика, агроөнеркәсіп кешені, цифрландыру салаларындағы бірлескен жобаларды жүзеге асыру перспективасы талқыланды.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!