Ресей президенті Владимир Путин Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен телефон арқылы сөйлесу барысында Украинаға батыс елдері тарапынан жеткізіліп жатқан қару-жарақты сынға алды. Massaget.kz тілшісі Украинадағы кейінгі жағдайларға шолу жасады.
Днепрде атыс салдарынан қаза тапқандар саны артты
Днепрдегі тұрғын үйге ресейлік зымыран соққысы жасалуы салдарынан қаза тапқандар саны 40 адамға жетті. Оның арасында үш бала бар. Шамамен 75 адам жарақат алды. 20-дан аса тұрғын хабар-ошарсыз кетті. Бұл туралы қала шенеунігі Геннадий Корбан хабарлады.
Украина ЕО-дан қаражат күтетінін айтты
Украина осы аптада Еуропа Одағының қаржылық көмек пакетінен алғашқы 3 миллиард еуро транш алады. Бұл туралы Украина премьер-министрі Денис Шмыгаль айтты.
"Украина мен ЕО 18 миллиард еуро көлемінде макро қаржы көмек көрсету туралы өзара түсіністік меморандумына қол қойды", - деп жазды Шмыгаль Twitter-де.
Путин Украинаға қару-жарақ жеткізуге наразылығын білдірді
Кремль мәліметінше, Ресей президенті Владимир Путин Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанмен телефон арқылы сөйлескен. Әңгіме барысында Владимир Путин Украинаға Батыс тарапынан қару-жарақ жеткізу көлемі артып келе жатқанын сынға алған. Ол Украинаны "қару-жарақ пен әскери техниканы жеткізуді күшейтіп отырған Батыс демеушілерінің қолдауымен соғыс қимылдарын жандандырды" деп айыптады.
Ердоғанның кеңсесі Түркия президенті соғысты тоқтату үшін тағы да көмек ұсынғанын мәлімдеді.
"Әңгіме барысында президент Ердоған Түркия Ресей мен Украина арасында берік бейбітшілік орнатуға жәрдемдесу және делдалдық міндетін өз мойнына алуға дайын екенін растады", - деді Ердоған кеңсесі өкілдері.
Ұлыбритания СІМ басшысы Ресейдің санкцияларына ұшырағанына қуанышты екенін айтты
Ұлыбританияның сыртқы істер министрі Джеймс Клеверли санкцияға ұшырағанына қуанышты екенін айтты. Ресей Ұлыбританияның 36 өкілін санкция тізіміне енгізді, олардың қатарына бірқатар шенеунік, соның ішінде Клеверли де кіреді.
"Жарайды. Бұл Украинаның бостандығын қолдаудың бағасына татыса, санкцияларға қуаныштымын", - деп жазды ол Twitter-де.
Жаңалықтарды бәрінен бұрын біліп отырғыңыз келсе, Telegram-арнамызға жазылыңыз!