Путин Әзербайжан президентінен кешірім сұрады

Ресей тарапының бастамасымен Владимир Путин мен Әзербайжан Республикасының президенті Ильхам Әлиев арасында телефон арқылы әңгіме болды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.

Әңгіме барысында 25 желтоқсанда Қазақстанның Ақтау қаласының маңында "Әзербайжан әуе жолдары" әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағының апатқа ұшырауына қатысты мәселелер жан-жақты талқыланды.

Владимир Путин бұл қайғылы оқиға Ресей әуе кеңістігінде болғаны үшін кешірім сұрап, қаза тапқандардың отбасыларына терең және шынайы көңіл айтып, зардап шеккендерге тез сауығып кетуін тіледі. Әңгіме барысында Әзербайжанның жолаушылар ұшағы кестеге сәйкес бірнеше рет Грозный қаласының әуежайына қонуға тырысқаны атап өтілді. Сол уақытта Грозный, Моздок және Владикавказ қалаларына украиндық соғыс дрондарымен шабуыл жасалып, Ресейдің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелері бұл шабуылдарды тойтарумен айналысқан.

Ресейдің Тергеу комитеті қылмыстық кодекстің 263-бабы (әуе көлігін пайдалану және қауіпсіздік ережелерін бұзу) бойынша қылмыстық іс қозғады. Алғашқы тергеу әрекеттері жүргізіліп, азаматтық және әскери мамандардан жауап алынып жатыр.

Қазіргі уақытта Әзербайжан Бас прокуратурасының екі қызметкері Грозный қаласында жұмыс істеп, Ресей Федерациясының Бас прокуратурасы мен Тергеу комитеті өкілдерімен бірлесіп тергеу жүргізіп жатыр. Сондай-ақ Ресей, Әзербайжан және Қазақстанның тиісті қызметтері Ақтау қаласы маңындағы апат орнында тығыз ынтымақтастықта жұмыс істеп жатыр.

Ақтаудағы ұшақ апаты туралы не белгілі?

Еске салайық, 25 желтоқсанда Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан ұшақ апатқа ұшырады. Бұл - Azerbaijan Airlines әуекомпаниясына тиесілі Эмбраер 190 ұшағы. Алдын ала ақпарат бойынша ұшақ бортында 67 адам, оның ішінде 5 экипаж мүшесі болған.

Кейінірек Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігі өкілдері оқиға орнына барды. Құтқарушылар жеткен кезде ұшақ жанып жатқан.

Қазақстанның Көлік министрлігі де төтенше жағдайға байланысты мәлімдеме жасады. Ал әлеуметтік желіде оқиға орнынан видеолар тарады.

Кейінірек ТЖМ оқиға орнындағы өрт сөндірілгенін хабарлады. Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай ұшақ апаты болған жерге барды. 

Көлік министрлігі ұшақ бортында болған адамдар жөнінде алдын ала мынадай ақпарат жариялады: бортта 37 Әзербайжан, 6 Қазақстан, 3 Қырғызстан, 16 РФ азаматы болған.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен ұшақ апатына қатысты комиссия құрылды. Комиссия құрамына премьер-министрдің орынбасары, Маңғыстау облысының әкімі, төтенше жағдайлар, көлік, сыртқы істер, ішкі істер, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау министрліктерінің басшылығы, Бас көлік прокуроры кірді.

Көліктегі полиция департаменті төтенше жағдайға байланысты қылмыстық іс қозғады.

Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының алдын ала мәліметі бойынша 4 адам қаза тапқаны расталған.

Ақтау маңындағы ұшақ апатынан аман қалғандардың видеосы тарады.

Ал Azerbaijan Airlines жолаушылардың тізімін жариялады.

Қазақстанның Төтенше жағдайлар министрлігінің сағат 15:55-тегі мәліметі бойынша аман қалған 29 адам бар, оның ішінде 2-еуі - бала, олар ауруханаға жеткізілді.

Ақтаудағы ұшақ апатына қатысты Бас прокуратура мәлімдеме жасап, оқиға орнына елдің Бас көлік прокуроры барғанын хабарлады. Қылмыстық іс Қазақстан Республикасы Бас прокурорының ерекше бақылауында.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтып, мемлекеттік комиссия тиісті шаралар қабылдап, Әзербайжан тарапына көмек көрсететінін мәлімдеді.

Аптаның басты оқиғалары мен пайдалы видеоларды көру үшін YouTube арнамызға жазылыңыз