- Негізгі бет
- Басты жаңалықтар
- Пітірді оразаның қай...
Пітірді оразаның қай кезеңінде берген дұрыс?
Пітір – оразаның қате-кемшіліктерін толтыратын, Құдайға шүкіршілік ету үшін берілетін және кедейлерді қуантатын садақа. ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімінің меңгерушісі Сансызбай Шоқанов пітірді қай кезде берген дұрыс екенін айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Маман пітір садақаны тұрмысы нашар адамдар беруге міндетті емес екенін ескертті.
"Тұрмысы нашар, яғни артық мал-мүлкі нисаб мөлшеріне жетпеген кісі пітір садақа беруге міндетті емес, сауап үшін беріп жатса, өз еркі. Қайтыс болған адамдарға, ана құрсағындағы балаға пітір садақа берілмейді", - деді Сансызбай Шоқанов.
"Нисаб мөлшері" деп, зекет парыз болатындай белгілі байлық мөлшерін айтады. Алтынның нисаб мөлшері - 85 грамм. Ақша немесе сауда тауарларының нисаб мөлшерін анықтайтын кезде, алтын немесе күмістің нисабы негізге алынады. Дәлірек айтқанда, күнделікті негізгі қажеттіліктер мен қарыздардан тыс жинаған ақшаның мөлшері ең кемі 85 грамм алтынға тең келетін сомаға жетіп, бір жыл өтісімен (мөлшері азаймаса) зекетін 2,5% сомадан есептеп беруі тиіс.
Биыл пітір мөлшері 535 теңге болып белгіленді. Пітір садақаның мөлшері еліміз бойынша 2 келі ұнның орташа бағасымен есептелді. Дегенмен бай, ауқатты адамдар пітір садақаны 2 келі мейізбен (4270 теңге) немесе 4 келі құрмамен (8090 теңге) бергені жақсырақ.
2023 жылғы пітір садақаның бағасы нарықтық орташа бағасымен есептеліп төмендегідей бекітілді:
Бидай 2 кг – 340 теңге.
Ұн 2 кг – 535 теңге.
Арпа 4 кг – 520 теңге.
Мейіз 2 кг – 4270 теңге.
Құрма 4 кг – 8090 теңге.
Қазіргі таңда бидайдың өзі емес, ұн, талқан секілді оның өнімдері кең қолданылады. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы пітір садақаның құнын ұнмен есептеуді негізге алады. Өйткені шариғатта бидаймен қатар оның өнімдерімен де пітір садақа беруге рұқсат етіледі.
Маман сондай-ақ пітір садақаны қай кезде берген дұрыс екенін атап өтті.
"Пітір садақаны берудің уәжіп уақыты айттың бірінші күні. Оны Рамазан айының бірінші күнінен бастап беруге болады. Уақытында бере алмаған жағдайда айт намазынан кейін берсе де болады. Алайда пітірді айт намазына дейін беру – мұстахаб", - деді ол.
Ал підия мөлшері – бір адамның күнделікті (таңғы және кешкі) тойып ішетін асы. Оның биылғы мөлшері 3000 (үш мың) теңге болып бекітілді. Бұған шамасы келмегендер оразаның әр күніне пітір садақасының құнын беруіне де болады.
Ескерте кетейік, биыл рамазан 23 наурызда басталды. Ал сәуірдің 17-нен 18-іне қараған түн - қасиетті Қадір түні. 21 сәуір - ораза айт мерекесі. Ораза 2023 кестесін мына жерден көре аласыз.
А. Жапатова