Псориаз – созылмалы ауру, бірақ бір адамнан екінші адамға жұқпайды. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының дерматолог дәрігері Гүлжан Мейірманова айтты, деп хабарлайды Massaget.kz.
Псориаздың белгілері қандай?
Аурудың жиі кездесетін түрлерінің бірі – түйіндақты псориаз. Мұндай жағдайда теріде шекарасы анық қызыл түсті түйіндақтар пайда болып, олардың беті күміс түстес ақ қабыршақтармен жабылады.
Бөртпелер көбіне:
- шынтақта;
- тізеде;
- бастың шашты бөлігінде;
- бел тұсында пайда болады.
Псориаз терімен қатар тырнақ пен буындарға да әсер етуі мүмкін. Ауру созылмалы болғанымен, дұрыс таңдалған емнің көмегімен оны бақылауда ұстап, ұзақ мерзімді ремиссияға қол жеткізуге болады.
Өз бетімен емделуге болмайды
Маман мынадай кеңестер берді:
- теріде бөртпе байқалса, дерматологқа бару;
- өз бетінше дәрі-дәрмек қолданбау;
- теріні үнемі ылғалдандырып жүру;
- теріні жарақаттап алудан сақтану;
- дәрігер тағайындаған емді үзбеу.
Науқастарға қолдау маңызды
Псориаз кезіндегі бөртпелер адамның физикалық жағдайымен қатар, психологиялық көңіл күйіне де әсер етуі мүмкін. Кейбір науқастар айналасындағылардың теріс көзқарасынан қысылып, қоғамнан оқшаулана бастайды.
Денсаулық сақтау министрлігі псориаздың инфекциялық ауру емес екенін еске салды. Сондықтан науқастардан алшақ жүруге немесе олармен қарым-қатынастан қорқуға негіз жоқ.
Жақындарының түсіністігі мен қолдауы псориазбен өмір сүретін адамдардың өзіне деген сенімін арттырып, емді тұрақты жалғастыруына көмектеседі.
О. Сансызбай